Облыс орталығы атанғанына бір жылдан асқан Түркістан қаласында бүгінде кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Уақыт заңымен үндесе қалада кәсіпкерлік нысандар саны көбейіп жатыр. Өз кезегінде бұл нысандар халыққа қызмет етіп қана қоймай, мемлекет қазынасына салық төлеп, елдің экономикалық-әлеуметтік ахуалының жақсаруына өз үлесін қосады.
Қазіргі тағда Түркістанда белгілі кәсіпкер Қутлуғхан Вахаповтың бастамасымен қалаға қарасты Бірлік ауылында салынған «Нұрасыл» спорт-сауықтыру кешенінде бір мезетте 110 адамға сапалы қызмет көрсететін заманауи үлгідегі бассейн салынып, пайдалануға берілді. Бұған дейін аталмыш кешенде кіші футбол, тренажер залдары тұрғындарға қызмет көрсетіп келген болса, енді міне құрылысы 1 жыл бұрын басталған, қала тұрғындары көп уақыттан бері күткен бассейн іске қосылды. Мұндағы жабдықтар Өзбекстан мен Белоруссиядан арнайы алдырылған.
Барлық талаптарға сай жасалған бассейннің ұзындығы 25 метрді, ені 15 метрді құрайды. Мұнда келушілерге балмұздақ, салқын сусындар және басқа да қолайлы жағдайлар жасалған. Бассейнде киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасы көтеретін деңгейде.
- Облыс орталығы тұрғындарын қуанышқа бөлеген аталмыш бассейнге келушілер легі көп. Қазіргі таңда бұл жерде 20 адам еңбек етеді. Жалақылары да көңілге қоным-ды. Алдағы уақытта кәсіпкерлік бағытта жаңа жұмыс орын-дарын ашып, халыққа сапалы қызмет ету басты ұстанымым болып қала бермек,-дейді кәсіпкер Қутлуғхан Вахапов.