Түркістан десе, әуелі көз алдымызға туризм, яғни Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Сауран секілді ескі қалашықтардың елестейтіні қақ. Ал қазір облыс орталығы саналатын шаһар жаңа бағытта дамуды көздеп отыр. «Ол үшін ең әуелі кәсіпкерлік саласы мен өнеркәсіпті өркендету қажет», – дейді жергілікті билік.
Өңірдегі индустриалды аймаққа қазір кеңінен көңіл бөлініп, 28 жоба қолға алынған. Солардың бірі "Түркістан нұры" қонақ үйі.
"Түркістан нұры" қонақ үйінің салынуына «Атамекен» палатасының аясында құрылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 100 млн. теңге бөлініп, құрылысы ендігі басталып кетті. Негізінен қонақ үй бизнесі елімізде кең етек жайып келе жатқан бизнес түрлері.
Түркістан қаласы 3 бағытта дамуда. Олар: ауылшаруашылық, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп, және туризм салалары. Шаһар көне Жібек жолының бойында орналасқан соң мұндағы сауда-саттық, жалпы кәсіпкерлік саласы қарқын алған. Өңірлік өнімнің де үлесі 30 пайыздан жоғары. Түркістанда қазірдің өзінде көптеген шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасайды.
Облыс орталығы болған Түркістанда өндірісті өркендетуге де көңіл бөлінбек. Индустриалды аймақ 300 гектарға ұлғайтылып, ол жерлерге оннан аса зауыт-фабрика салу жоспарда бар. Ал негізгі мақсат – қалаға инвестор тарту. Шетелдік компаниялар қызығушылық білдірсе, аймақта бос жұмыс орындарының да көбейетіндігі анық.