Топырағын түртсең тарих толғаған, қасиетті де, киелі – Отырар өлкесіне Жастар жылы ұранымен жыр керуені аялдап, жыр сүлейлерінің қатысуымен
Отырар ауданында «Ұлылар отаны – Отырар» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Жастар жылына орайластырылған шара әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналды.
Ақындар алдымен Арыстанбаб кесенесінде Құран бағыштап, Темір ауылындағы Мәдениет үйіне табан тіреді. Мұнда қылқалам шеберлері мен көрермендер Әділхан Мәлік пен оның шәкірттерінің туындылары мен кітап көрмесін тамашалады.
Жыр додасын Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Дамир Жүнісов ашып, жыр бәйгесіне қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.
Айтысты «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізіп отырды. Кіл мықтылар жиылған аламан айтысқа «Алтын домбыра» жүлдесінің екі дүркін иегері Мұхтар Ниязовпен бірге Нұрлыбек Мейірман, Нұрғали Әнапия, Сұлтан Сәуірхан, Дәурен Полатбаев, Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жақыпов, Нұрмахан Жақыпбеков, Тұрар Тілеулиев, Аян Ниязбек, Дәурен Ысқақ, Ахметрасул Баянбай сынды ақындар қатысып, отырарлық көрермендерге әсерлі айтыс сыйлады.
Алты жұпқа бөлініп сынға түскен ақындарға Әселхан Қалыбекова, Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақындар Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Жұмакүл Нәлібаевалар әділ бағасын беріп, бәйге жеңімпаздарын анықтады.
Жыр додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде сөз алған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов бүгінгі жастарымызға қарап, болашағымыздың жарқын екендігін тебірене айтып өтті. Құттықтау сөзінде аудан басшысы: «Тарих еншісінде «Отырар өркениеті» деген атпен бүкіл дүние жүзінің өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан бүгінгі Отырар тұтас қазақ елі мен ұлттың бөлінбес бөлшегі, қайталанбас жауһарына айналмақ.
Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынға Нұр-Сұлтан қаласынан келген Дәурен Ысқақ ие болды. Екінші орынға қызылордалық Мұхтар Ниязов қол жеткізсе, арыстық Нұрлан Есенқұлов айтулы додада бірінші орыннан көрінді. Түркістандық Тұрар Тілеулиев өзгелерден оқ бойы озық шығып, бас бәйгені қанжығасына байлады.
Аудандағы рухани шараға өз үлесін қосып, қашанда отырарлықтармен бірге екендігін жеткізген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың арнайы жүлдесі жас ақын Ахметрасул Баянбайға бұйырды