Ел ішіндегі рухани тұрақтылықты сақтауда, діни сенімнің беріктігін арттыруда имамдардың рөлі үлкен. Жұртты сабырлыққа шақырып, жастарға оңды тәрбие беретін имамдар құрметке лайықты. Осы орайда жетісайлық имамдардың еселі еңбегі ескеріліп, «Рухани келісім күні» қарсаңында аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Аудандық «Нұғман» мешітіне жиналған қауым алдымен діни тұрақтылық пен елдегі ынтымақ-бірлікті сақтау, ұрпақ тәрбиесі жайында сөз қозғап, имамдар ойларын ортаға салды.
«Діни сауатсыздық пен дінсіздік - адамзатты құрдымға алып баратын бірден-бір жол. Кез-келген қоғамда дін арқылы елді біріктіруге де, бұзуға да болады. Бүгінде әлемде дін арқылы елді біріктіруден гөрі бұзу жағы көбірек көрініс тауып жатқандығы жасырын емес. Онымен қоса ислам дінін атағанда жағаларын ұстататын экстремизм, терроризм сөздері асыл дінімізге күйе жаққалы қашан. Міне, осындай олқылықтардың алдын алуда, жас ұрпақ тәрбиесінде діни тәрбиенің жеке адам мен қоғам үшін аса қажет. Имамдар ислам дінінің бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретіп, жауапкершілік сезімі мен мінез-құлықты қалыптастырады»,- деді алғы сөзінде Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков. Жиын барысында бөлім басшысы бірқатар имамдарды аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың алғыс хатымен марапаттап, сый-сияпат жасады.