Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмекті пайдалы іске жұмсап, кәсіп ашып, тұрмысын түзеп отырғандар көп. Солардың бірі кентаулық көпбалалы әке Әбдірахман Абденов балаларына берілген атаулы әлеуметтік көмекке 10 аналық күрке тауық, 120 шөжегімен, 15 қазы алып, асырап отыр.
-Екі ай болды алғанымызға. Кішкентай балам армандап жүретін, есік алдымыз тауық, қаз баққанға жайлы жер болғандықтан соларды бақсам ғой дейтін. Сол арманды орындауға мүмкіндік берген үкіметке алғысымыз шексіз, -дейді әке.
Жұбайы бала санына байланысты зейнеткерлікке шыққан. Бүгінде үйшаруасындағы ана. Ал Әбдірахман әкей табыс көзі аз болғандықтан отбасылық шаруашылықты дамытуды қолға алған. Күрке тауықтарды бағуға балалары қолғабыс болып отыр. Алдағы уақытта берілетін қаржыға тауықтың санын көбейтіп, қора-жай салсам дейді. "Тауыққа азаннан тамақ бере бастаймыз. Күндігіне 4-5 келі жем жейді. Өскен сайын көп сұрай бастайды. Күндігіне 3 мезгіл тамақтандырамыз." - деген 5 балалы әке болашақта тауықтың жұмыртқаларын сатуды көздеп отыр. Осылайша құс шаруашылығын дамытып, дөңгелетіп отырған отбасының болашаққа деген жоспарлары көп.