Түркістан туризмін дамытуда құрылысшылардың алар орны ерекше

Screenshot_10.jpg

Әрбір мемлекеттің өркендеу жолындағы негізгі көрсеткіштерінің бірі – құрылыс саласы екені анық. Құрылысшылар қала көркін ашатын нысандар салып, туристердің келуіне зор ықпал жасайды. Осы орайда, кәсіби мерекесін атап өткелі отырған құрылысшылардың мерейлі сәтінде осы саланы кәсіп етіп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандардың ішінен кейіпкер іздедік деп хабарлайды Түркістан газеті. 

Түркістанда құрылыс қарқыны өте жоғары. Қайнаған тіршілікпен жарыса күн сәулесінің де аптап ыстығы басылар емес. Шілде түсе ыстық лебімен аймалаған жаздың ми қайнатар жоғары температурасы бүгінгі күнге дейін бастапқы райынан қайта қойған жоқ. Осынау күн райында Түркістанның түлеуіне тынымсыз үлес қосып жатқан әрбір құрылысшының еңбегі ерлікке пара-пар дерсің.

Біз осы ретте мақсатымызға сай құрылысшылардың ерен еңбегін насихаттағымыз келіп, барлық құрылыс нысандарды қарай келе, Н.Төреқұлов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын жасап жатқан «Ақ жол» ЖШС құрылыс компаниясының тынымсыз тірлігі байқалған құрылыс алаңына тап болдық. Көшенің ескі тас жолы сүріліп, жаңа асфальт, аяқ жол, тасарық (лоток) қойылып жатыр екен. 

Тойжан Абдукаримов та орта біліммен ғана шектелсе де, «құрылысшы» мамандығын өте жақсы меңгерген. Оның құрылыс жасап жүргеніне 14 жылдан асыпты. Біздің назарымыз да егде жастағы осы азаматқа түсті:

«Бұған дейін ауылда түрлі жұмыстар жасадым. Осы компанияда жүріп қаладағы №19 және Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектептерді және Шәуілдірде әуежай, Шиелі мен Кентауда жол салдық», – деп ірі нысандарға тоқталып өтті. Әрине, осынша жылда атқарған істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Дегенмен жұмысшы барлығын айтып, мақтаныш сезімін көрсеткісі келмеді. Нағыз адал, ақкөңіл, еңбекқор деп осы кісіні айтса керек-ті.

Алатын ақысы айына 130-150 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға қанағаттанатынын айтып, осы ісін шынайы ұнатып істейтінін аңғардық.

«Бізбен бірге сәулетті дамытып жүрген жастар да көп. Еш мойымай, тез үйреніп кетеді. Олардың еңбекқорлығы, адал ақша адал іспен келетіндігін түсінетіні қуантады. Дегенмен, кейде өзіміздің қолымыздан жасалған жұмыстарға тұрғындар немқұрайлық танытып, алақанда ұстаудың орнына, бұзып кетеді. Біздің еңбегімізді түсінсе екен. Әркім өз қаласына, өз Отанына екінші үйіндей қараса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір жұмыс қызып жатыр. Бұдан басқа Жібек жолы көшесі, Б.Саттарханов даңғылын да жасап жатырмыз. Түркістанда жұмыс көп. Облыс орталығы болмай тұрып та Түркістанның құрылысы тоқтаған емес», – деп кейіпкеріміз өз ұсынысын да жеткізді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлем назарын аударған рэпер P.Diddy шуы: Голливудтағы былық туралы не белгілі?
  • «Қазақстанға барсаңдар діннен шығып кетесіңдер»: Пәкістандағы қазақтардың жағдайы
  • «Ескі қалашық» сүйікті орына айналды
  • Бейісбековтер отбасы 1 миллион теңге алды
  • Дермене - Шымкенттің символы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер