Түркістан қаласы жазық далада жатқаны белгілі. Айналасында Қаратаудан басқа биік таулар жоқ. Сондықтан да мұнда қатты жел тұрғындарға, туристерге қиындық тудыруы мүмкін. Осыған орай қалада түрлі жел, шаңдардан қорғайтын жасыл желек қалыптастырған абзал. Күрең күз облыс орталығының жасыл желекпен көркеюіне сеп болғалы тұр. Себебі, осы мезгілде Түркістанға әсем қалаға айналуы үшін 148 мың түп көшет отырғызылады деп күтілуде. Бұл жұмыстар қазан айының 19-нан бастап, үш кезең бойынша жүзеге асады. Өздеріңізге мәлім 16 секторға бөлінген Түркістанда әр апта сайын өңірімізге қарасты аудандар мен қалалар, басқармалар мен бөлімдер жік-жігімен бөліп, сенбілік жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде жол жиектері шөп пен қоқыстан тазарып, арықтар мен ағаш егуге орындар қазылып дайындалды. Жоспарға сай алғашқы кезеңде 48 мың көшет егіледі. Оның құрамында қарағай, тұт, қара өрік, үйеңкі, катальпа сынды ағаштардың түрлері бар. Жасыл желекке бөленген қалаға келетін туристер саны да арта түседі. Алдағы уақытта Түркістан адам келсе қайтқысыз қалаға айналады деп сенеміз.
Түркістан жасыл-желекке бөленетін күн алыс емес