Сыйға берілген жәдігерлер

Screenshot_7.jpg

Түркістан қаласының туризмін өркендетуге өз үлесін қосып жатқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сыйға берілген жәдігерлер» атты көрме ашылды. Шараға “Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан” халықаралық ғылыми – практикалық конференциясына келген қоғам қайраткерлері мен отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары қатысты.

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы музей қорын толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен көрменің мақсатына тоқталып, арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

Көрмеде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына «Музейге сый» акциясы аясында жинақталған, экспозицияға шығарыла бермейтін 75 жәдігер таныстырылды.

Олардың қатарында Қаракерей Қабанбай батырдың қанжары, 1978 жылы “Әзірет Сұлтан” қорық-музейі республикалық музей ретінде ашылар сәтте мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен, жергілікті партия комитетінің қолдауымен жергілікті халықтан жиналған және жыл сайын музейге сый ретінде тапсырылып жатқан құнды дүниелер бар.Сыйға келген жәдігерлер тарихына көз жүгіртер болсақ, музейге сый тарту әйгілі қолбасшы Әмір Темір заманынан бастау алады. Оған дәлел Әмір Темірдің бұйрығымен құйылып, кесенеге сыйға берілген халық өнерінің лағыл маржандарының қатарына жататын, алтын күміс жалатылған 6 дана шырағдан мен тайқазан, лауха сынды жәдігерлер болып табылады.

Музей қорын толықтыруда тек Қазақстаннан ғана емес, көршілес мемлекеттерден және Түркия Республикасынан да атсалысып жүрген азаматтар бар.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Сыйға берілген жәдігерлер