Түркістанда тарихшылар бас қосты

Screenshot_3.jpg

Сегізінші рет ұйымдастырылған конференция Мәдениет және спорт министрлігінің “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бірлесуімен өтті.

Конференцияға филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, абайтанушы М.Мырзахметов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Артықбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяған, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Ясауитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, философия, теология ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай, Түркия Республикасы, Ыстамбул қаласында Мәрмәра университетінің профессоры Н.Тосун, Түркия Республикасы, Ыстамбул қаласындағы «Ясауи ожаклары» журналының бас редакторы, «Ясауи» қорының төрағасы И.Иесеви, Өзбекстан Республикасынан тарих ғылымдарының кандидаты Н.Абдулахатов, Қырғызыстан Республикасынан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Айталиева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иниститутының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Қыдыр сынды 60 -тан аса қоғам қайраткерлері мен отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары қатысты.

Басқосу аясында Ясауи өмірі мен шығармашылығы, философиялық мәні мен зерттеу жұмыстары және Түркістан тарихы жайлы баяндамалар оқылып, ғалымдар көптеген тың мәліметтерімен бөлісті.

Конференцияның мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұраларының түркі халықтарының рухани-мәдени болмысындағы орнын айқындап, зерделей түсу болып табылады. Өйткені түркі халықтарының рухани дүниесінің өзегі болған Ясауи мұрасы әлі күнге дейін өз дәрежесінде зерттеліп, ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Ясауи мұраларын ғылыми тұрғыдан танып – білу тәуелсіз Қазақстан мемлекеті мен қазақ халқының ұлттық идеясын қалыптастыруда, қазақ халқының рухани тәуелсіздігі мен Қазақстан халықтарының бейбіт қатар өмір сүру принциптерін нығайтуға қызмет етеді. Сонымен бірге, Ясауи ілімін оқып, үйрену ата-бабалардан үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығының ұрпақ санасынан жоғалмауына, соның арқасында рухы мықты ұлт санатында қала беруге ықпал жасайды.

Ясауи тарихын зерттеуші ғалымдар бас қосқан конференция пленарлық және секциялық бағытта өтті. Конференция барысында өзбекстандық режиссерлар дайындаған “Сүзік ата” деректі фильмінің тұсауы кесілді.

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Түркістанда тарихшылар бас қосты