Түтінсіз өнеркәсіп Түркиядағы табысты туризмнің құпиясы неде?

 ррр.jpg

Туризм – үлкен белсенділікті қажет етеді. Ол – демалыс, қаланың көрікті жерлерін аралау, мәдениет, өнер және спорттық қабілетіңді көрсету мақсатымен құрылған. Бұл сала елдің көркеюіне және табыс көзін молайтуына көмектеседі. Себебі, көптеген елдер қонақтарына өз жерлерін жақсы жағынан көрсету үшін барын салады. Бүгінде туризм үлкен кәсіпке айналды. Оны, көп елдер «түтінсіз өнеркәсіп» деп те атайды. Себебі, осы арқылы өз ісін алға жүргізіп отырған мемлекеттер қаншама. Туризм саласы туралы сөз еткенде, ойымызға бірінші кезекте Түркия келеді. Бұл мемлекет өзінің тарихи жәдігерлерімен, табиғатының сұлулығымен, қонақжайлығымен ерекше көзге түседі. Олар, экономикалық жағдайын, әл – ауқатын туризм арқылы дамытып отыр. Мұнда, жылына 30 миллион турист келіп кетеді екен. Түркия туризмі, елдің тарихымен, мәдениетімен, салт – дәстүрімен, діни көзқарастарымен таныстырып қана қоймай, мемлекет қазынасына пайда әкелетін күш ретінде қалыптасып отыр. 

    Түркия елінің сұлулығын өзге елге танытуды көздеген Ататүрік өз отандастарына «түтінсіз фабрика» салып беруді жоспарлайды. Сол мақсатта 1923 жылы «Түркия саяхат» қауымдастығы құрылады. Бұл ұйым тозығы жеткен ғимараттар мен маңызы бар жерлерді қайта қалпына келтіруге үлкен үлес қосты. Әсіресе, 1985 жылдан соң туризм секторына инвестицияның көптеп бөлінуі, тасымалдау шарттары мен насихаттау науқанының жақсартылуы елге саяхаттап келетін туристердің санын арттыра түсті. Көптеген елден келген саяхатшылардың таңдауы осы елге түсіп, «түтінсіз өнеркәсіп» басты табыс көзіне айналды. Жылда, бұл елге түсетін қаржы миллиардтаған сомаларды құрайды.

         Түркия дүниенің екі бөлігінде орналасқан мемлекет. Оның 97 пайызы Азияда, 3 пайызы Еуропада жатыр. Неге туристердің көпшілігі осы елді таңдайды? Себебі, ол елге апаратын туристік жолдамалардың бағасы арзан және қызмет көрсету сапасы жоғары. Көбіне туристер өздері қыдырып баратын елдің саясаты туралы мәліметтермен қанығады. Олар үшін ең маңыздысы өзінің қауіпсіздігі болғандықтан, ішкі саясаты ушығып жатқан елге аяқ басқысы келмейді. Бұл елге саяхатшылар көбіне жаз мезгілінде барады. Сонымен қатар, келген қонақтар көбіне қонақ үйге қарағанда, яхтаны таңдайды. Себебі, Түркияның қайталанбас сұлулығы болып саналатын сарқырамалар мен өзен аңғарларын теңіз көлігімен тамашалаған қызығырақ. Тарихи байлықтарымен және сұлулығымен ерекшеленіп тұратын бұл ел көптеген елдерді басып озып, алда келе жатыр. Әртүрлі климат жағдайы, өсімдіктер мен құнарлы жерлерге ие болуы туризм әлеуетінің артуына әкеліп отыр. Түркиядағы демалыс индустриясын жақсарту барысында теңіз туризмі маңызды рөл ойнайды. Теңіз жағасының таңнан бастап кешкі уақытқа дейін таза тұруы теңіз экскурсиясының дамуына тиімді жағдай жасайды. Туризм өз айналасына еңбекқор әрі жауапкершілігі мол адамдарды жинайды. Бұл сала таза әрі үлкен еңбекті қажет етеді.

Тургай Акдуруш, Mersin Taşucu жоғары мектебінің оқытушысы:

                     Жарнамалық фильмдер еліміздің әлеуетін арттыруда

–Түркия өзі иеленіп отырған табиғаты және табиғи сұлулығын әлемге көрсеткісі келді. Сондықтан, Түркияда көптеген мәдени орындар көбейді. Бір елдің дамуы үшін жалғыз ауыл шаруашылығы және өнеркәсіппен айналысу жеткіліксіз. Туризм «түтінсіз өнеркәсіп» деп аталады. Түркия мемлекеті экономикалық дамуы үшін туризмнің маңыздылығын алға тартып келеді. Жерорта теңізі жағалауындағы Греция, Испания сынды елдермен бәсекелестікте, олармен иық тірестіріп келеді. Теңіз туризмін дамыту үшін Эгей және Жерорта теңіздері жағалауына туристерге қызмет көрсететін жобалар, қонақ үй және қонақтарға қызмет көрсететін білікті мамандар жеткізілді. Басқа жерлерінде, тарихи, мәдени туризммен қатар сенім туризмі пайда болды. Мысалы, монша, түрік кофесі, дәстүрлі түрік ойындары сынды мәдени туризм дамыды. Христиан әлемі үшін маңызды саналатын мекендер мен жерлерге туристер келіп тұрады. Мысал ретінде, Измирдегі Мерием ана шіркеуі және Мерсин Паул сынды жерлер. Сонымен қатар, түріктердің мақтанышы болған Мевлананың адамгершілікке шақыратын ақылды сөздері айтылып, оны еске алу күндері атап өтіледі. Нәтижесінде, Түркия теңіз және күннен қуат алатын туризммен қоса, мәдениет, сенім, табиғат сынды ортада да туризмді дамытуды жөн санады. Бүгінде, түрлі жарнамалық фильмдер біздің мемлекетіміздің әлеуетін арттыруда. Себебі, өтімді жарнаманы көрген туристердің елімізге деген қызығушылығы арта түседі. Сонымен бірге, көптеген туристік агенттіктер брошюралар шығару арқылы өз қонақтарына кеңес беруде. Жарнамалық фильмдердегі тарихи, мәдени мәселелер туристердің қызығушылығын тудыруда. Алайда, басқа елдер сияқты Түркияда да ішкі және сыртқы экономикалық жағдайлар бар. 

Дінмұхаммед Келесбаев, Менеджмент және лидерлікті дамыту бағдарламасының жетекшісі. PhD Қауымдастырылған профессор:

                 Түркия қонақжайлығын басты кәсіп көзіне айналдырған ел

–Туризм саласы десек, біздің ойымызға бірден Түркия мемлекеті келеді. Себебі, олар өздеріне келген туристердің көңілінен шыға білуді бірінші орынға қояды. Оларға, барлық қолайлы жағдайларды жасап қойған. Түркия қонақжай халық. Олар сол қонақжайлығын үлкен кәсіпке айналдырған мемлекет. Туристерді күтіп алу, олармен мәміле жасасу, қалай қызмет көрсету керек осының бәрі жақсы қамтылған. Кинодан көрген Түркия мен біз көрген Түркияның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Сауда орындарында сатылатын өнімдер де халыққа қолжетімді бағада. Туристерге тағамның түр – түрін ұсынады. Түркия тағамдары өте көп ассортиментке ие. Себебі, Осман империясы кезінде шығыс пен батысқа, Балкан мен Кавказдағы бүкіл жерге патшалық құрғандықтан, сол елдердің салт дәстүрін, тағам ұсыну мәнерін алып, үлкен мәдениетті бір ортада қалыптастырған. Көбінесе олар қонақтарына ет, сүт, көкөніс және балық өнімдерінен дайындалған тағам түрлерін ұсынады. Түркияда туристерге жағдай жан – жақты жасалынған. Онда, ең бірінші орынға қауіпсіздікті қояды. Қазақстандағы қонақ үй қызметімен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық бар. Бір тарапы бағасы да қолжетімді. Түркияның қандай қонақ үйіне барсаңыз да қызмет көрсету мен сервис жүйесі жақсы дамыған. 

Алуа Тұрсынхан, ХҚТУ-дың 4 курс студенті:

                           Жеке тұлғаға деген құрметі жоғары

– Мен Түркияға туризм саласы бойынша тәжірибе алмасу үшін барғанмын. Біз көбіне кинодан Түркияның Стамбул қаласын көреміз. Мысалы, біздің елде 18 млн. тұрғын болса жалғыз Стамбулдың өзінде халық саны осыған парапар. Қазіргі таңда, Түркияға туристерді көптеп тартып жатқан көрнекті қалалардың бірі Анталия. Ол Ақтеңіздің бойында, яғни Сириямен шектесетін тұста орналасқан. Қыс түспейтін жерлердің бірі десек те болады. Туристер онда теңізге түсу үшін барады. Мен Анталиядағы “Beldi bey” деп аталатын елді мекенде орналасқан төрт жұлдызды қонақ үйде болдым. Ол жердегі туристердің 90 пайызы шет елден келеді. Онда саяхатшыларға арналған «Түркия күні» деп аталатын арнайы онкүндік ұйымдастырылады. Туристерге неше түрлі тәтті тағам ұсынып, нағыз түріктердің өмірімен таныстырады. Осы он күндік ішінде түріктерге ұлттық киім кию міндеттелген. Түркияны Қара теңіз, Жерорта, Эгей және Мәрмәр теңіздері қоршай орналасқан. Бұл мемлекет әлемге осы теңіздері арқылы танылған. Тұлғаға деген құрметі жақсы. Олар үшін әрбір турист бағалы. Түріктердің бір ерекшелігі біз секілді жылқы етін тұтынбайтындығында. Біздің елде қандай тағам түрі етпен болса, олар оның орнына тауық етін қолданады. Көбінесе олардың тәттіге құмарлықтары басымдау. Ал, ащы өнімдерді туристер сұраған жағдайда ғана береді. Ондағы қонақ үйдің тағы бір ерекшелігі – сусындарында. Өзіңіз қалаған сусын түрін таңдап, тегін алып кете аласыз. Түріктердің айта кетерлік бір осал жері тіл білмейтіндігінде. Біз қонақ үйде жұмыс істеп жүргенде шет елден келген туристер өте көп болды. Ал, олар орыс және ағылшын тілдерін білмейді. Онда біз жүргендіктен түріктерге өзге ұлттармен түсінісу қиынға соқпады. Түріктердің тағы бір ерекшелігі автобуста жолаушыларға қызмет көрсетуі. Туристерге ең ыңғайлы баға. Қонақ үй мен жолда жүру бағасы арзан. Анталиядан Стамбулға ұшу бағасы 7000 - 8000 теңге. Мысалы, біз шекарадан шығып Грузияға ұшақпен бардық. Сонда таң қалғаным, билет бағасы 10000 теңге. Біздің елде, ондай бағамен мына тұрған Астанаға ұшып бара алмайсың. Автобустардың ішінде, сізге арнайы жұмыс жасайтын қызметшілер бар. Ұшақ ішінде маған қатты ұнағаны, билет алған кезде ер әйел деп беретін болса, ол жақта әйелмен әйел, ер мен ер отырады. Бұл дегеніміз жеке тұлғаға деген құрметтің ең керемет үлгісі.

Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ,  «Рейтинг» газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысының тұрғындары өз қаржыларына емхана мен мешіт салды
  • «Ситсен» бағдарламасымен еден жуушыны мектепке жұмыс алу қанша тұрады?
  • Шымкент: Еңбекші ауданынан құрылған тексеру тобы қоғамдық көліктерге рейд жүргізді
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында карантиндік режимді сақтамаған тағы бір сауда орны жабылды
  • Шымкент: Әл-Фараби ауданында санитарлық талапты сақтамаған нысан жабылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер