Медицина аса күрделі салалардың бірі. Бұл саланы таңдаған әрбір жанның бойында төзім болуға тиіс. Адам жанның арашасы дәрігерлер бүгінгі күннің батырлары. Кентауда 31 жылдан бері талай жанның өмірін сақтап, үзілген үміт отын жаққан дәрігер тұрады. Қаланың ғана емес, облыстың мақтанышына айналған қалалық орталық аурухананың дәрігері Жәңгірхан Бимаханұлы бұл салаға кездейсоқ келмеген. Дәрігердің мақсаты науқастың диагнозын дұрыс қою, содан кейін барып емдеп шығару. Жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын дәрігер жұмыс күнін науқастардың қал жағдайын тексеріп шығудан бастайды. Қазіргі таңда отбасында екі ұл тәрбиелеп отырған ардақты әкенің де аяулы жары медицина саласында қызмет жасайды. Ұлы мен келіні де осы саланы таңдаған.
- Менің мамандығым хирург дәрігер. Осында 1990 жылы келдім. Қазір келгеніме 31 жыл болыпты. Дәрігерлікті таңдаған себебім, жалпы жанұяда 13 баламыз. 5 қыз, 8 бала. Әкеміз мектеп бітірейін деп жатқан кезде жанұяға бір дәрігер керек болатын шығар деп маған ұсыныс жасады. Сонымен дайындалып, дәрігер болдым. Осында келдім. Ота жасап жатқан кезді сәтті уақыттар болады, сәтсіз уақыттар болады. Адамды үстел үстінде жоғалтып алатын кездер болады. Ең қиналғандарымының бірі соның ішінде операцияның үстінде асқыну болған кезде қасыңдағы адамдар көмектесе ала ма, көмектесе алмай ма деген ой кеткен кезде тер де кетеді, жүйке де кетеді сондай уақыттар да болды. Хирург дәрігердің жүрегі біріншіден арыстанның жүрегіндей болуы керек. Қолы әйелдің қолындай болу керек. Ойы түгел, дұрыс болуы керек. Ештеңеден қорықпау керек - деді Кентау қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жәңгірхан Оразбаков.
Әлемді жаулаған індетке қарсы тұрып күресу дәрігерлердің ғана қолынан келді. Сондықтан да олар ақ халатын кірлетпей, антына адал болған батырлар. Бүгінде осындай абзал жандар арамызда жетерлік.