«Қазақ даласының әрбір тасы ертегі, сұрай кетсең ертеден сыр шертеді» дегендей-ақ, түбі бір түркі жұртының қарашаңырағы саналатын қазақ даласы – табиғаттың біздерге тартқан сыйы десек қате кетіп, жаңылыс баспайтын болармыз деп ойлаймын. Өйткені, бұл кең жазиралы далада байырғы түркі жұртының тасқа басылған тұрмыс салты мен тағалы тұлпарларының түгі қалған..! Сол қасиетті мекенде туылып, еліне адал қызмет етіп өткен тұғыры биік тұлғалардың бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев еді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, исі қазақ жұрты мақтан тұтатын дара тұлғалардың бірі де бірегейі Жұмабек Ахметұлы Тәшеневті жаңа Қазақстанның жастары қаншалықты таниды? Халқымызда: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген нақыл сөз бар. Қазақ елінің тарихына еңбегі сіңген елеулі тұлға Жұмабек Тәшеневтің есімі өткен 2022 жылы қайта жаңғырды. Үкіметтің қаулысымен кезінде Үкімет басқарған Жұмабек Ахметұлының есімі жоғары оқу орнына берілді. ЖОО-ның жастары Ж.Тәшеневтің жүріп өткен өмір жолымен танысқан сәттен-ақ оның жастайынан еңбекке араласып, елінің елеулі тұлғасына айналған биік тұғырынан тәлім ала алады деуге болады. Бүгінде шырайлы Шымкент қаласындағы Тәшенев университеті 40 білім беру бағдарламасы бойынша (бакалавр – 34, магистратура – 6) елімізге қажетті болашақ мамандарға білім беріп, тәрбиелеуде.
Жастарды білім мен ғылымға, спортқа және өнер мен қоғамдық өмірге бейімдеу мәселесі қазіргі таңда жаңа Қазақстанның күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Осы бағытта мемлекетіміз жастарды қолдау жөнінде арнайы кешенді жоспарлар дайындап, алуан түрлі жұмыстар атқарылуда. Соның бір айғағы ретінде жаңа Қазақстанның билік құрылымында салалық құрылым басшылары ретінде жастардың еңбекке араласып жатқанын айтуға болады. Мемлекеттің бұл ұстанымы өсіп келе жатқан жас мамандар үшін үлкен үміт пен сенім ұялатады. Конституциямызда көрсетілгендей сөз еркіндігі белең алып, қоғамдық кеңестер құрылып жатқаны да көңілді қуантады. Мемлекетіміздің осы ұстанымы – жастардың қоғамдық ортада өзін еркін сезінуіне, өз ой-пікірлерін толыққанды жеткізуіне, жаһандану кезіндегі қоғамдық дамуға өз үлестерін қосуына мол мүмкіндіктер береді деп білеміз. Дана халқымыз қашанда асылды тастан, талантты жастан іздеген ғой. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың жастарды қолдау, олардың жан-жақты қырларын ашу арқылы қоғамдық өмірге бейімдеу туралы тапсырмаларына сәйкес, Ж.Тәшенев университетінде жастарға ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекетіміздегі жастардың рухын көтеру мақсатында қабылданған маңызды шешімдер мен жоғарыдағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында университет Ғылыми кеңесінде «Білім ордасында өз ұстанымы бар, ерекше қабілетке ие, озық ойлы жастардың ортасын қалыптастыру» мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Тәшенев талантты жастары» атты университетішілік іріктеу өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл бастаманың мақсаты – жүзінде жалын шарпыған жалынды жастардың рухын оятып, табиғи қарым-қабілеттерін сыртқа шығаруға мүмкіндік жасау. Іріктеуден оқ бойы озып шыққан озық ойлы, білімді, өнерлі жастар (1-3 курс студенттері) университетіміздің даму стратегиясындағы басым бағыттар бойынша қызмет көрсететін болады. Қабылданған шешім бойынша конкурс өтті. Соның нәтижесінде іріктеу комиссиясы бірнеше бағыттар бойынша талантты жастарды жасақтап шығарды.
Іріктеудің түпкі мақсаты – буыны қатпаған жастарды түрлі бағытта: білім-ғылымға, өнер мен спортқа, қоғамдық өмірге бейімдеу арқылы ертеңгі ел тұтқасын ұстай білетін танымал тұлғалардың өсіп-жетілуіне үлес қосу.
«Тәшенев талантты жастары» атты университетішілік іріктеуде іріктелген талантты жастар енді түрлі қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық дәрежеде (пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар бойынша, өнерлі байқауларда, спорттық жарыстарда) өткен жарыстарда жеңімпаз атанып, университет имиджін көтерген жағдайда университет әкімшілігі тарапынан ынталандыру шаралары қарастырылады. Сонымен қатар, жастар құрамында жемісті еңбек еткен білім алушылар шетелдік жоғары оқу орындарында «Академиялық ұтқырлық» бағдарламалары бойынша білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады.
Университет әкімшілігі білім алушылар тарапынан туындаған кез келген мәселелер объективті түрде қаралып, әділ шешім шығарылуы үшін олардың қамқоршысы – ата-аналарымен байланыс орнатуды қамтамасыз етуді және әрбір білім алушының ата-анасына тиісті ақпарат алуға тиімді жағдай жасауды қолға алуда.
Ғалымжан БИТҰРСЫН,
Ж.Тәшенев университетінің әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры,
Ұлттық Заң академиясының корреспондент-мүшесі,
«ҚР Білім беру саласының» үздігі