Екі мереке қатар өтті


66.jpg


Екі мереке қатар өтті 

Әз-Наурыз бес күн тойланды 

Алыстағы ағайын, жақындағы бауырмен қауыштыратын Наурыз мейрамы Шымкенттегі ІІМ қарасты Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында дүбірлетіп тойланды.

 Ұжымның ынтымағын арттыратын мұндай ұлттық мереке қарсаңында оқу орталығының бастығы полиция подполковнигі Т.Меңдібаевтың бастамасымен 5 күндік мерекелік жоспар бекітілді. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы күндер ішінде оқу орталығының аумағы көгалдандырып, тазартылды. Жыл басы болып есептелетін Наурызды қарсы аларда айналаны тазарту берекенің, игіліктің нышаны.  Сонымен бірге № 1 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі З.Үсенова мен № 16 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі З.Шымырбае «Наурыз – ұлттық дәстүрдің нышаны» тақырыбында ауыспалы құраммен танымдық шара ұйымдастырды. Наурыз туралы видеоролик көрсеткен апайлар студенттерді тарих пен салт-дәстүрден хабардар етті. Тыңдаушылар арасынан А.Светжанова мәнерлеп өлең оқыса, К.Жұбатханова, А.Күлбаевалар ән шырқап, күй тартты. Ержігіттер арасында футболдан жарыс өткізілді. Шаршы алаңда аяқдоп тебуде жақсы ойын көрсеткен балаларға жүлделі орындар беріліп, оқу орталығының грамотасымен марапатталды. Осы бес күн ішінде студенттер Наурыз алаңынан бастап, Дендросаябақ, Тарихи өлкетану музейі, этномузей, «Қасірет» мемориалдарына барып, саяхаттады.  Іс-шараның соңғы күні арнайы бастапқы даярлық курсының орта басшы құрам тыңдаушылары салтанатты түрде сертификаттарын алып, үлкен өмірге қадам басты. Оқу орталығының бастығы полиция подполковнигі Т.Меңдібаев: «Бүгін сіздерде қос мереке: бірі – Ұлыстың Ұлы күні Наурыз тойы болса, екіншісі – білімдеріңіздің жемісі ретінде сертификат алдыңыздар. Барша жұрт асыға күтетін бұл мерекеде сертификат алу жақсылықтың нышаны»,- деп болашақ офицерлердің алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Т.Меңдібаев келген қонақтар мен оқу орталығы ұжымын, ауыспалы құрамды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Мейрам барысында оқу орталығы қызметкерлері мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тыңдаушылар ұлттық ойындар ойнады. Оқу бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Ғ.Қонысбеков ежелден келе жатқан атбегілік дәстүрімен таныстырып, аударыспақ, теңге ілу ойындарын жүргізді. Аттың құлағында ойнаған жігіттер тартысты бәсекеде өздерін таныта білді. Әр тұлпарға баға беріп, бабында тұрған шабандоздарды алаңға шақырып, әсерлі ойын көрсетті. Қайраты тасып, дода бағын сынағандар намысқа тырысып өнер көрсетті. Әскери пәндер және дене шынықтыру циклі тыңдаушылар арасында қол күрес, кір тасын көтеру, арқан тартысы сайыстары болып, жігіттердің білек күші бағаланды. Озып шыққан қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.Ойыннан соң келген қонақтарға астаудан табақ тартылып, ұлттық сусындар берілді. Үрдіске сай оқу орталығының ардагерлері жастарға бата берді. Концерттік бағдарлама ән, бимен шектелмей, «Беташар», «Бастаңғы», «Бесікке салу», «Тұсаукесер» салттары және «Айтыс» өнері көрсетілді. Мың бұралған бишілер «Қара жорға», «Аққу», «Қамажай» билерін билесе, оқу орталығының қызметкерлері домбыра тартып, әсем күймен құлақ құрышын қандырды. Шымкент қалалық Абай ауданы ардагер әжелерден құралған топ халық әндерін тамылжыта шырқады. Қазақстан Халықтары Ассамблеясы мен облыстық Шәмші Қалдаяқов филармониясының өнерпаздары және оқу орталығының талантты ұл-қыздары өнерлерін көрсеткен соң, алтыбақан теуіп мерекенің сәнін кіргізді.  

Ақерке ӘЗТАЙ, Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер