Тепсе темір үзетін, топты жарып шығар,жалынды, білімді жастардың жұмыссыз жүргені - қоғам үшін алаңдатарлық, ал экономика үшін қиын жағдай. Сондықтан әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты жою өзекті мәселе. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында Шымкентте "Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасы іске қосылды. Бұл жоба жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында іске асырылып отыр. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісім-шарт жасап, оқу орнын тәмамдаған жастарды 24 ай жұмыспен қамтиды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жастар екі жылдық тәжірибе мен біліктіліктерін арттырады.
Жобаға 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген, жұмыс өтілімі жоқ, NEET санатындағы жастар қатыса алады. Еңбекақысы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрап отыр.
Үміткерлер жұмыспен қамту орталығының тіркелген мекенжайы бойынша аудан бөлімшесіне жеке куәлігі мен білімі туралы құжат көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады.
Алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.
Барлық сұрақтар бойынша тұрғылықты мекенжайда орналасқан қалалық халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.
Айта кетсек, бұл жоба «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ-бағыты аясында жүзеге асырылып отыр. Енді жастар екі қолға бір күрек тауып, әрі тәжірибе жинап, әрі еңбекақы ала алады.