Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және жаңадан жүзеге асырылып жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жайында бірқатар білім беру мекемелері мен өндірістік орындарында
ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, «Түркістан индустриалды құрылыс колледжі», «Түркістан жоғарғы көпсалалы, аграрлық колледжі», сонымен қатар, «DALA Constraction» ЖШС мен «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Mega SMART» ЖШС-нің өкілдерімен орталық директорының орынбасары Б.Досыбаев және бөлім басшысы А.Наурызбаев кездесіп, жұмыссыз азаматтарды бағдарламаға тарту бағытында ұсыныстар берді. Алдағы уақытта жоғарыда көрсетілген мекемелерге жұмыспен қамту орталығы тарапынан жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмысқа орналасу көзделіп отыр.
Айта кетейік, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қалада 2021 жылы 21 842 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған.
Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2500 адамды жолдау жоспарлануда.
Екінші бағыт (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша 600 адамға мемлекеттік грант берілуде.
Үшінші бағыт (Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) бойынша нақты 5885 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарына 2430 адам (34,6%) орналастырылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 109 (54,5%), жастар практикасына 568 (22,7%), ақылы қоғамдық жұмыстарға 2778 адам (90,8%) жолданған.
Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылдың бірінші тоқсанында 229 мүмкіндігі шектеулі азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 62 азамат тұрақты жұмысқа, ал 167 азамат уақытша жұмысқа тартылыр отыр.