«Қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол – Қазақстан». Егемендік алғалы осы ұран еліміздің ажырамас бөлігіне айналғандай. Себебі, тұғырлы Тәуелсіздіктің ең үлкен жетістіктерінің бірі – қандастарымыздың елге оралуы. Жылдар бойы туған жерінен жырақта жүріп, елін аңсап келген халыққа құшағын кең жайып, жағдайын жасаған Қазақстанға олардың айтар алғысы шексіз. 15 жыл бұрын сондай Ұлы көштің бірі Шымқаладағы Асар шағынауданынан қоныс тепкен болатын.
Тағдырдың тәлкегімен шет ел асып, өзге мемлекетті паналауға мәжбүр болған қандастарымызды атажұрт – Қазақстанға шақыру Тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауқымды бастамалардың бірі болды. Бүгінге дейін қазақтың миллионнан астам баласы елге оралған. Бұл бағытта үшінші мегаполисте де көптеген шаралар жүзеге асты. 2006 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Өзбекстаннан оралған 2000 қазақ отбасы Шымкенттен қоныс тауып, жап-жаңа «Асар» атты шағынауданның іргесі қаланды. Кіндік қаны тамған жерін аңсап келген ағайынға арналып барлық қолдау көрсетілді. Баспана, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, балаларды мектеп пен балабақшамен қамтамасыз ету сынды шаралар атқарылды.
Бүгінде Асардың халқы 25 мыңға жуықтайды. Шағынауданда 2 білім ордасы мен 3 бөбекжай жұмыс істейді. Сондай-ақ, бірнеше медициналық мекеме халық игілігі үшін қызмет етеді. Бір шаңырақ астында тату тәтті ғұмыр кешкен тұрғындар басты байлық - тәуелсіздік, басты ұрын - бірлік деп біледі. Әсіресе, атақоныстың қадірін жақсы білген қарт кісілер елдің тыныштығын тілеуден жаңылмайды.
Айтып өтейік, тәуелсіздік жылдары елге 1 миллионға жуық қандасымыз оралған. Оның 60 пайызға жуығы Өзбекстаннан келген отандастарымыз. Қалғаны Қытай, Моңғолия, Ресей және Түркіменстаннан оралған қазақтар.