Ассамблея ынтымақ үлгісі болуы керек. Әсіресе жастар арасында бірлікті насихаттау ісінде осы ұйым алдыңғы қатардан табылуы тиіс. Осылай деген Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Шымкентке жасаған сапарының мақсатына тоқталды. Қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен және ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен кездесті.
Биыл ҚХА қызмет бағыты бойынша Шымкентте 186 іс-шара ұйымдастырылған. Қоғамдық келісім кеңестерімен 19 мәселе қаралды. Аналар кеңестерінің бастамасымен 5 жоба іске асты. Ассамблеяның медиативтік алаңдарында 53 даулы мәселе оң шешілген. Жиынды жүргізген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шаһарда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында берілген тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру барысы талқыланған жиында этномәдени бірлестік өкілдеріне сөз берілді. ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев қалалық филиал қызметкерлерінің жалақысын көтеру керектігін сөз етті. Корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак, қалалық өзбек этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Хурматой Абдухамидова сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты. Жиынды түйіндеген Марат Әзілханов ассамблеяның әліде атқаруы тиіс шаруалардың көп екендігін ескертті. Соның бірі жастар арасында ынтымақты дамыту.
Өзекті мәселенің бірі елімізде жастар арасында ынтымақты нығайту. Осы мақсатты ассамблея жұмысын жетілдіру қажеттілігі туындауда. Тәрбиені тал бесіктен бастау керектігін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министірлігнің этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин атап өтті.
Ассамблея мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, пікір алмасқаннан кейін ҚХА төрағасының орынбасары мемлекеттік саясат аясында бірлік пен татулықты нығайтуда белсенді қызмет жасап жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыстады.