Нұр шуақ шағын ауданында біраз уақыттан бері шешімін таппаған ауыз су жүйесінің мәселесі тұрғындарды әбден әуре сарсаңға салғаны белгілі. Таза суды тасып ішіп, жекенің трансформаторына телміріп отырған көпшілік қиналғандарын айтқан-ды. Тіпті, бұл проблема қала әкімі Мұрат Әйтеновтың да алдында көтерілген болатын. Осы орайда, инфрақұрылым жүйелері жүріп жатқан ағынаудандарды жіті бақылауына алған шаһар басшысы құрылыстың сапалы әрі тиянақты орындалуын тапсырған-ды. Солардың бірі, қала шетіндегі Нұршуақ шағын ауданы.
Жекенің трансформаторынан жарықты қымбат бағада жағып отырған нұршуақтықтар, төлеген теңгеміз сапасына сәйкес келмейді деп налиды. Тіпті, елді мекен шетінде тұратын тұрғындар шам жағуға мәжбүр. Бүгінде шалғайдағы шағынауданға тартылып жатқан мемлекеттік жарық жүйесін көрген жергілікті жұрттың қуанышында шек жоқ. Биылғы жылдың шілдесінде басталған жұмыстың ағымдағы жылға межеленген жоспары аяқталып қойыпты.
Бүгінгі таңда тұрғындар тасымал суын тұтынуда. Оларға жекеменшік серіктестіктер тарапынан аптасына екі мәрте су жеткізіледі екен. Ал, 150 жуық тұрғын үйге тартылған жекенің ауыз су жүйесі, сол маңдағы көрші қолаңды таза сумен қамтып отыр. Бұйыртса, қараша айында мемлекеттік ауыз су жүйесін қосамыз, деген мердігер мекеме өкілі құрылыстың 90 пайызын орындап қойдық, дейді.Қала шетіндегі шағынауданға жалпы ұзындығы 96 шақырым су құбыры тартылған.