Шымкент жылу маусымына сақадай сай. Бұл Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен шаһарды жылумен қамтитын «Қуатжылуорталығы -3» МКК ұйымдастырған баспасөз-турында мәлім болды.
Жылуберушілер 2017-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламадағы биылға жоспарлаған шараларды толық орындап шықты.
Табиғи монополиялар субъектісі инвестициялық бағдарламаны орындауға міндетті. 2017-2021 жылдарға 5 жылдық тарифтік мерзімінде «Қуатжылуорталық -3» МКК инвестициялық бағдарламасына 528 млн. теңге бөлінген. Сол қаражаттың арқасында мекеме 27 шақырымнан аса жылу жүйелерін жөндепті.
2015-2017 жылдар аралығында мемлекет тарапынан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мекемеге бөлінген 3,5 млрд. қаражатқа қосымша 20 шақырымға жуық магистралдық жүйелері жөнделген – дейді сала мамандары.
«Инвестициялық бағдарламалардың орындалуы 1-шіден мекеменің тозығы жеткен негізгі құралдары 42 пайыздан-37 пайызға төмендеген. Одан бөлек, жылу жүйелерінің шығыны, жылудың шығыны. Ол мысалы 26 пайыздан 24 пайызға төмендеген, ол өте жақсы көрсеткіш. Авариялар, апатты жағдайлар 127 – ден 67-ге дейін төмендеген. Қосымша айтып кетеміз, бұл өте жақсы көрсеткіш»,- дейді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекова.
«Қуатжылуорталығы -3» мекемесі инвестициялық бағдарлама бойынша ағымдағы жылға ескірген жылу жүйелерін жаңалауға 110,35 млн. теңге бөлген. Бұл қаражатқа қала аумағындағы 15 нүктеде тозығы жеткен магистралды және ішкі орам құбырлар жаңаланды.