Жылдан жылға Шымкент қаласының аумағы үлкейіп, халық саны өсіп келеді. Содан болар, бейнекамералардың да қажеттілігі артып келеді. Үшінші мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген жобалар қолға алынғаны белгілі. Бүгінде қаланың түпкір-түпкірінде бейнекамералар орнатылған.
Осы ретте биыл Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қаламыздағы жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында ұлттық бейнемониторинг жүйесін құра отырып бейнебақылау камераларын орнату тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бейнебақылау камераларын орнату үшін полиция департаментімен мекенжай бағдарламасы әзірленіп бекітілді.
Мекенжай бағдарламасында 1500 жалпы бақылау, 200 желілік учаскеге және жол қиылысына 100 камераны орнату жоспарланған болатын.
Бүгінде бағдарламаға сәйкес 1115 жалпы бақылау, 197 желілік учаскеге және 3 көше қиылысына бейнебақылау камералары орнатылып, жұмыстар жалғасуда.
Барлық камераларды бақылап отыру үшін деректерді өңдеу орталығы құрылды. Аталған жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталса, бейнебақылау камералары іске қосылады.