Мемлекет басшысы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында білім беру саласы бойынша ең өткір мәселе орын тапшылығы екенін атап өтті. Нақты қадамдар жасалмаса 2025 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін екенін ескертті. Соған сәйкес алдағы бес жылда еліміз бойынша 1000 мектептің бой көтеруін тапсырды. Шымкент қаласы бойынша да бұл күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Шымкент қаласы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жасау кезінде осы мәселе ескерілген. Оны шешу мақсатында алдағы бес жылда 42 мектеп салу мақсат етілген. Соның негізінде үшінші мегаполисте үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін түпкілікті шешу көзделген. Айқын мақсатты орындау үшін биыл Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында 20 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Осылайша жоспар 208 пайызға артығымен орындалды. Апатты мектеп мәселесі күн тәртібінен түсіп, үш ауысымды мектеп саны 9-ға қысқарды.
Халықтың денсаулығы партияның назарындағы басты мәселе. Осы бағытта 2025 жылға дейін қалада 10 медициналық мекеме салу жоспарланған. Алға қойған мақсат бойынша биыл 5 медициналық мекеме салынды.
Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша бекітілген Жол картасында биыл 14 мыңнан астам азаматты жұмыс орнымен қамту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде орындалды. Қаланың экономикалық әлеуетін жақсарту үшін Оңтүстік арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарланған 23 жобаның 12-сі іске аске асты. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бес жылда жүзеге асуы тиіс 42 инвестициялық жобаның биыл 8-і орындалған.
"Ағымдағы жылдың 9 айдағы қорытындысы бойынша Жол картасындағы 149 іс-шараның 28-і іске асырылды. Осылайша бағдар берер Жол картасының орындалуы 23 пайызды құрап отыр. Жалпы Жолдау мен Жол картасындағы басымдықтардың сабақтасып, үйлесім тауып жатуы мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарды баяндауда нақты зерттелген, сүзгіден өткен мәселелерге жіті мән беретінін байқап, бағамдауға болады. Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда бізге ең әуелі бірлік пен еселі еңбек керек",- дейді«Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева.