Қыстың қамын жаз ойла деген қағиданы ұстанған басшылар аязды күні тұрғындар бүрсең қағып отырмас үшін қазірден әрекетке көшті. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен Қаратау ауданы әкімдігі көпқабатты үйлерді қысқы жылу маусымына дайындау жұмыстарын кестеге сәйкес бастап кетті.
Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің жетекшісі Бауыржан Қалдыбаев бастаған мамандар үйлердегі барлық жылу тарату құбырлары және пәтерлерге жүргізілген тік құбырларды сығымдаудан өткізіп, ақаулары барын ретке келтірді.
– Жылу энергиясын үнемдеу мақсатында жылу құбырлары жылу сақтағыш материалдармен оралып, бұрандалар, ысырма жапқыштар майланып, сырлануда.
Бұл жұмыстар жылыту маусымында көпқабатты тұрғынүйге жылуды сапалы және үздіксіз беруге бағытталған, - дейді халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Амангелді Омаров.
«ОҚО үйлерді басқару» ЖШС басшысы Жұмабек Исмаиловтың айтуынша, аталған мекеме тарапынан жертөледе орналасқан жылу құбырларының барлық ысырма жапқыштары заманауи ысырма жапқыштарға ауыстырылуда.
«Қазіргі таңда Нұрсәтте 200-ге жуық үй бар болса, соның 50-ге жуығында ауыстырып үлгердік», - дейді мекеме басшысы.