Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Шыңыраудан шыңға самғаған тұлға» атты тағылымы мол іс-шара өтті. Оған трихшы-ғалымдар, атап айтқанда, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің тарих ғ.к., доцент - Н.Тәжімұқанова, ОҚМПУ-нің оқу-ісі жөніндегі проректоры, тарих ғ.к., доцент - Исабек Баршагүл Қашқынқызы, ОҚМПУ-нің тарих ғ.к., доцент - Алдаберген Мүслім, ОҚО тарихи-өлкетану музейінің филиалы Тұрар Рысқұлов атындағы музей меңгерушісі Махмұтов Лесбек, сондай-ақ музей архив қызметкерлері және қала тұрғындары мен қонақтары, жастар қатысты.
Шараның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында, ашаршылық пен тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғалар рухына тағзым ету. Кездесуде Алаштың ардақты азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірбаяны мен қызметі жайында келген қонақтарға толық мағлұмат беріліп, фильм көрсетілді. Ұлы даланың ұлы тұлғасы, қазақтың ұлтжанды азаматы, өз заманының көшбасшысы болған Тұрар Рысқұлов туралы тың деректер айтылды. Тарихшылардың дерегінше, Рысқұлов – қазақ жерінде Мұсылмандар бюросын құрып, Түркістан атқару комитетінде «Ашаршылықпен күрес комиссиясын» басқарды. Сол мәселені шешу мақсатында Түрксіб темір жолын салуды Мұхаметжан Тынышбаевпен бірге іске асырған да Алаштың ардақтысы еді.
Жиынға ОҚМПУ-нің студенттері, «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіру орталығының тыңдаушылары да қатысып, өз ойларын ортаға салды.