Шымкентте отбасы құндылықтарын дәріптейтін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өз мәресіне жетті. Бірнеше отбасы қатысқан сайыста Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сермаңызовтардың отбасылары жеңімпаз деп танылды.
Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктерінде сәуір-мамыр айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасында өтініштер қабылданған болатын. Нәтижесінде 40 отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырыпты. «Былтырғы жылға қарағанда биыл байқауға көпбалалы отбасылар мен жас отбасылар саны 2 есе көп қатысып отыр. Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер барлығы 16 отбасы байқаудың екінші кезеңіне қатысты, - деді марапаттау рәсімінде Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев.
Байқау қатысушыларын іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия шаңырағы шаттыққа бөленген, 42 жыл берік отбасын құрған жазушы-журналист Шойбек Орынбай мен қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаеваның өнерлі отбасын жеңімпаз деп таныпты. Ал екінші отбасы алты бала тәрбилеп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген, ауыл шаруашылығына да сүбелі еңбек сіңіріп келе жатқан Нұрболат Сермаңызовтың отбасы.
Жеңімпаз екі отбасыға байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілген. Қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласын таныстырмақ.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында биыл алтыншы рет өткізіліп отыр.