Шымкентте білім беру мекемелерінде «Адалдық дүкендері» мен «Адалдық алаңы» жобасы, Open space типіндегі жұмыс орындары көбейген. Бұл туралы қалаға арнайы ат басын бұрған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен қала активімен өткен алқалы жиында айтылды. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов агенттік төрағасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сондай-ақ жиында қалалық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Әли Көмекбаев біраз ақпаратқа қанық қылды.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес жастарға патриотты тұрғыда тәрбие берілуде. Қаладағы 130 мектепте сатушысы жоқ дүкен жұмыс істейді. Биыл мектеп түлектері алғаш рет шығынсыз қоштасу кештерін ұйымдастырып отыр. Ал қала әкімдігінің 5 басқармасы ашық қызметке бағытталған Open space орталығына көшті. Шымкенттік қызметкерлер Мемлекет басшысы қойған талаптарды орындауда, - деді Ә.Көмекбаев.
Жиын барысында Алик Жатқамбайұлына қаладағы мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы өскені және 20 қызметкер икемді жұмыс кестесіне көшкені баяндалды. Қала әкімдігі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов арнайы қабылдаған жоба аясында бірқатар оңтайландыру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.
Бүгінде қаламызда бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға үміткерлер саны 5-тен 14 адамға өсіп отыр. Бас маманның жалақысы екі есе өсіп, 75 мың теңге алатын қызметкер 150 мың теңге көлемінде айлық алуда. Ал басқарма басшыларының айлығы 235 пайызға немесе 429 549 теңгеге дейін ұлғайып отыр. Осыдан екі жыл бұрын әкімдікте «Болашақ» бағдарламасының 2 түлегі қызмет етсе, бүгінде олардың саны 10-ға жетті, - деді Е.Амантайұлы.
Ашық әкімдік жобасы арқылы тұрғындарды жеке қабылдау көрсеткіші соңғы бес айда рекордтық деңгейге жеткен. Аудан әкімдері 236 адамды, ал қала әкімі 492 тұрғынды қабылдап, талап-тілектері заң аясында шешілген. Әкімдік қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді цифрандыруды жыл соңына дейін 80 пайызға жеткізуді көздеп отыр.