Шырайлы Шымкент өнердің ордасы деп жатады. Ол негізсіз емес. Қаланың тарихына үңілер болсақ Ұлы Жібек жолының бойында жатқан әсем шаһарда ұлттық өнер айтарлықтай дамыды. Ағаштан, темірден түйін түйген ұсталар мен саздан құмыра, ыдыс жасаудың шеберлері сол заманда талайды тамсандырған. Бертін келе де өңірде өнеріне бас иген қаншама қолөнер және қылқалам шеберлері дүниеге келді. Солардың бірі суретші Батухан Баймен. Бұл суретшінің қаланың сурет өнерінің дамуына қосып отырған үлесі зор. Олай дейтін себебіміз Б.Байменнің көрмесін республиканы айтпағанда шетелдік өнер сүйер қауым да тамашалап үлгерді.
Өзбекстан Суретшілер Академиясының «Бауырлас елдер арасындағы достықты нығайтқаны үшін» медалін кеудесіне тағып қайтқан суретші кезекті көрмесін Кипрдің Ирфан Гюнсель орталық конгресс залында өткізді. Түркі елдерінің қазіргі заманғы өнерін дамыту аясында өткен көрмеге Қазақстаннан 50 суретші қатысқан. Жерлесіміздің графикалық туындыларын өздерінің өнер кеңістігінде көруге шетелдіктер аса жоғары қызығушылық танытты.
“Батухан Байменнің көптеген елдерде жеке көрмесін өткізіп жүргенін білеміз. Атап айтқанда, Түркия, Берлин және Орта Азияның Ташкент және Бішкек сыңды елдерде. Көрменің жалғасы біздің елде де өтуін көптен бері қалап жүрдік. Сол сәт міне бүгін туып отыр. Мұндай маштабты жұмыстарды біздің де елдің өнерсүйер қауымы мен суретшілері тамашалағанына біз қуаныштымыз”,- дейді Кипр республикасының мәдениет және қоршаған ортаны қорғау министрі Улан Устел.
Суретшінің осы көрмеге әкеліп, жұртшылық назарына ұсынған линогравюралық туындысының саны 60-тан асады. Тарихи, саяси және эпостық тақырыптар қамтылған шығармалар біздің түп — тамырымыздың бір екенін тағы да дәлелдейді. Ал қай жағынан да маңызы бар, кең көлемді шығармалар кипрлықтарды таң қалдырды. Ал суретшінің өзі бұл туындыларды жаңа қырынан жасауды мақсат тұтқан.
Шетелдіктерді қызықтырғаны Батухан Байменнің биіктігі 1,5 метр ені 3 метрлік туындыларды жасағаны. Бұл графика саласындағы тек елімізде ғана емес, әлемдегі айтулы жаңалық. Себебі көпшілік графиктердің туындысы 70 сантиметрден аспайды. Өнертанушылар, өнер кеңістігіндегі мұндай кең көлемді графикалық туындыларды Гиннес рекордттар кітабына ұсынып отыр. Бұдан өзге, суретшіге Кипрдің мемлекеттік деңгейдегі сыйлығы — күміс кілт табысталды. Айта кету керек, жоғарғы награданы Қазақстаннан барған 50-ден астам суретшінің екеуі ғана иеленді.
Шырайлы Шымқаланың ғана емес қазақ елінің мақтанышына айналып отырған өнер иесі Батухан Баймен алдағы уақытта рекордшы атануы бек мүмкін.