Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың қатысумен өткен «BILIM jane GYLYM» атты педагогикалық тамыз кеңесінде қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева биыл мектеп бағдарламасына жаңа пәндер енгізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, енді 10 сынып оқушылары графика және жобалау, кәсіпкер және бизнес, алғашқы әскерге дайындық және технологияға дайындық пәндерінде дәріс алады.
11 жекеменшік мектепке 5 мың 454 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқылы орналастырылды. Жаңа оқу жылында 130 мектеп жан басына қаржыландыру жүйесіне көшеді.
Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисіндегі 29 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 11-і мемлекеттік, 18-і жекеменшік. Жалпы қалада 28 мың 897 студент білім алуда.
Биыл қалада Ұлттық бірыңғай тестілеуге 8 мың 63 мектеп бітірушінің 5 мың 463-і қатысты. Орта балл 85,3-ті құрады. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,7 баллға артты. 401 түлек «Алтын белгі» және 360 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бітіруші түлектердің 45 пайызы жоғары және техникалық кәсіптік білім беру орындарында грантқа ие болды.