Шымкент қаласында бір мектепті бітірген 88 түлектің 80 білім грантын ұтып алды. Олар еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының студенттері атанды. Бұл туралы №90 мектептің директоры Арман Орынбеков мәлімдеді.
ҰБТ тапсыру нәтижесіне сәйкес, Шымкент қаласы бойынша үздік көрсеткіштер көшін №90 орта мектеп бастап тұр.
– 2018-2019 оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеуге мектебімізден 88 бітіруші түлек қатысты. Қуантарлығы, алтыншы тамыз күнгі жарияланған мәліметтер бойынша мектебіміздің 80 түлегі мемлекеттік грант иегері атанып отыр. Биыл біздің білім ордамыздың тестілеудегі орташа көрсеткіші 107 балды кұрап отыр. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда қала мектептері арасында ең үздік нәтижеге жеттік. Мұның барлығы талапшыл пән мұғалімдері мен ықыласты ата-аналарымыздың еңбегі деп білемін. Бітірушілерге мамандық таңдауда мектеп тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп, мемлекеттік грант иегері атануына мүмкіндік жасалып отырады. Сондықтан да болар, жеті жыл көлемінде 500-ден астам түлектеріміз ЖОО-ның грант иегерлері атанды, – дейді директор.
80 түлектің басым көпшілігі ақпараттық технологиялар, менеджмент және басқару, әуе кө¬лігі және технологиялары, фармацевтикалық өндіріс технологиясы, жалпы медицина, электр техникасы және энергетика мамандықтарын таңдаған. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Сүлейман Демирель атындағы университет пен Азаматтық авиация академиясы секілді еліміздің алдынғы қатарлы ЖОО-ның студенті атанып отыр.