«Мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек». Бүгін Шымкентте өткен «BILIM jane GYLYM» атты тамыз педагогикалық кеңесінде осындай пікір білдірген қала әкімі Ерлан Айтаханов оқушылардың формасын бірыңғай жүйеге көшіруге шақырды.
– Жасыратыны жоқ, мектеп формасы жылда жаңа оқу маусымы басталғанда, үлкен шудың басы болып келеді. Себебі, біздің тұрмысымызда әлеуметтік шиеленістер, жағдайы төмен отбасылар бар екенін жақсы білесіздер. Мектеп оқушыларының формасы әр мектепте әр бөлек. Мектептердің әрқайсысы өз формасын бекітіп алған. Мәселен, ата-ана үйінің жанындағы лицейге баласын оқытқысы келсе, ол лицейдің оқушы формасы тым қымбат тұрады. Әлеуметтік наразылық осындайдан туындайды. Бұл жерде мектеп оқушыларының да формасын бірыңғай жүйеге көшіру керек. Мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек, – деді қала әкімі Е.Айтаханов.
Кеңеске Білім және ғылым министрлігінен Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының төрағасы Ж.Жылбаев, білім саласының қызметкерлері және ардагер-ұстаздар қатысты.
Конференцияда білім беру саласындағы жетістіктермен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды.