Шымкентте 7 айда 25 мың 600 жүргізуші куәлігі берілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Шымкент қ.филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Шымкент қаласының мамандандырылған ХҚО-да 2019 жылдың 7 айында 209 мың мемлекеттік қызмет көрсетілкен.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Данабек Исабековтың айтуынша, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34%-ға артқан.
Шымкентте барлығы 10 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 2 мамандандырылған ХҚКО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар. 2019 жылдың соңына дейін қалада тағы бір мамандандырылған ХҚО өз жұмысын бастайтын болады.
Қазіргі уақытта, «Достық» шағынауданының және Қ.Төлеметов көшесіндегі мамандандырылған ХҚО-да автокөлік иелері өз автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алып, практикалық емтихан тапсыра алады. Сондай-ақ, мамандандырылған ХҚО ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге болады. Күн сайын мұнда 300 жүргізуші куәлігі беріліп, 1500-ден астам көлік құралы есепке алынады.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтар, сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстырып, автокөлігін қайта тіркей алады.
Жыл басынан бері онлайн тәртіпте 1180 автокөлік тіркеліп, 1400 жүргізуші куәлігі берілген.