Елімізде орын алып жатқан қуаншылық егіншілік және мал шаруашылығымен шұғылданып отырған жандарға қиындық туғызып отырғаны баршамызға аян. Түлкібас ауданында аталған мәселені алдын-алу мақсатында аудан әкімдігімен қатар, ауыл жастары да қарап отырмай қолдары бос демалыс күндері ауыл-аймақтағы арық-атыздарға су келетін бастау көздерін ашып, елдін батасын алуда. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі кейіпкерлеріміз Мичурин ауылдық округінің жастары. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, округ орталығының жастары өткен сенбі-жексенбі күндері ауыл сыртында жиналып, округ орталығы Майтөбе ауылына келетін бастаулардың көзін ашып, арық-атыздардың бойын тазалап, көпшлікке үлгі боларлықтай игі іс жасап отыр. Ел құптарлықтай істі ауыл жастары алдағы демалыс күндері де жалғастырмақ. Және де бұл шараны басқа да ауылдын жастарына эстафета ретінде жолдап отыр.
Биыл ағыны судың тапшылығы, қуаңшылық күні төрт түлік малға, жерге қарап отырған халыққа ауыр тиіп жатыр. Бірақ осындай қысылтаяң кезде жастардың белсенділігіне, бастамалары елді сүйсінтуде. Қай кезде де жасқа жігерлілік, албырттық, жаңашылдық тән. Майтөбелік жастардың жақсы бастамасын өзге елді мекендер де жалғастырады деген үміттеміз.