Ауруханадағы жөндеу жұмыстары аяқталды

6.jpg

Түлкібас ауданына  Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов және облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жұмыс сапарымен келіп, аудан аумағындағы денсаулық сақтау мекемелерінің бүгінгі жай-күйімен танысты. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Бірінші кезекте Арман Сәбитұлы орталық аурухана мен емханаға табан тіреп, мекеме аумағындағы іске асып жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады. Әр ғимаратты жеке-жеке аралап, жауапты мердігерге биылдан қалдырмай құрылыс жұмыстарын сапалы етіп аяқтауды тапсырды. Бүгінде эпидемиялогиялық жағдайдың күрделі екеніне тоқтап, аурухананың бас дәрігеріне екпе егу жұмыстарын барынша жандандыру қажеттігін атап өтті. 

Қазіргі таңда аудандық аурухананың перзентхана, неврология және гинекология бөлімдерінің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды десе болады. Тек қана Түркия елінен тапсырыспен алдыртып жатқан медициналық лифтіні орнату жұмыстары қалып отыр. Ал, бас ғимараты 26 пайызға, орталықтандырылған асханасы 88 пайызға аяқталған.

Келесі кезекте Арман Сабитұлы Қарағашты ауылында орын тепкен «Ақбұлақ» балалар шипажайына ат басын бұрып, ол жердегі балаларға қызмет көрсету сапасы мен мекеме аумағында жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 

200 балаға шақталған мекеме түрлі дерттермен ауырған және ауыр травма алған балаларға реабилитация қызметін көрсетеді. 

Бүгінде шипажай аумағында өткен жылдан өтпелі болып монша, кір жуу(прачечная), асхана ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Шипажай ғимараттарын толық аралап шыққан Арман Сәбитұлы, мекеменің бас дәрігеріне шипажайға кіре берісті толық жөндеуді және балалар демалатын бөлмелердегі жиһаздарды жаңалауды тапсырды. 

Облыс әкімінің орынбасары Түлкібас ауданына іс-сапарын «Дәрігерлер аллеясында» тәмәмдап, биыл медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ашылған нысанмен танысты. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер