Түлкібас ауданындағы демалыс аймақтары облысымыздың бас санитарының соңғы қаулысына сәйкес жұмысын толық тоқтатты. Барлық бағытта арнайы посттар қойылды. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімдігінің жаңынан құрылған мобильді топтардың рейдтік шарасы барысында тойханаларда 4 отбасылық жиын өткізу фактісі анықталып, кәсіпкерлік нысан иесіне хаттама толтырылды.
Аудан әкімдігі тұрғындарды карантин талаптарын ұстануға шақыруда. Соңғы тәуліктерде елімізде корнавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал нашарлап келеді. Еліміздің барлық дерлік өңірлері «қызыл аймаққа» өтті. Бір тәулікте анықталған науқастардың саны алты мыңнан асты. Осыған байланысты карантиндік шектеулер күшейтілді.
Мамандар індеттен құтылып, қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы ауруға қарсы екпе салдыру екендігін айтуда. Осыған байланысты Түркістан облысында вакцинация қарқынды жүріп жатыр. Облыста өз еркімен 526 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Қазір екінші компонентпен 339 151 адам вакцина салдырды. Ал, кейінгі тәулікте 5 515 бірінші компонентпен болса, екінші рет 8 433 адам екпе қабылдаған. COVID-19-ға қарсы вакцинациялау 128 екпе салдыру пункттерінде жүргізілуде.