Созақ ауданы Жартытөбе ауылында 21 адам мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жартытөбе ауылдық округінде 21 азамат жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 2020 жылы "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік грант иегерлері атанып, қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отыр. Олардың ішінде 8 азамат тамшылатып суғару әдісі арқылы үй іргелік жерге бақша дақылдарын еккен.
Аудан әкімі Салыхан Полатов Жартытөбе ауыл округінде тамшылатып суғару әдісімен үй іргелік жерлеріне бақша дақылдарын егіп, жемісін көріп отырған көп балалы ана Баймұрзаева Дана мен Орынтаева Айзаданың үйінде болды. «Қызанақ, болгар бұрышы, қияр егіп, өнімін алып отырмыз. Өнімді өзіміз тұтынамыз, артылғанын көрші қолаң, ауылдастар сатып алады»,- дейді мемлекеттік грант иегері Дана Баймұрзаева.
«Күніне 50-60 келі қияр үземін, оны ауыл азаматтары өздері келіп үйден алып кетеді. Нарық бағасынан арзандау қылып сатамын. Тамшылатып суғару деген тамаша әдіс екен. Арам шөп шықпайды. Суға, электр энергиясына үнем. Келер жылы бақша дақылын егетін жер көлемін ұлғайтамын», - дейді ауыл тұрғыны Айзада Орынтаева.
Бақша дақылдарының жемісін жеп, пайдасын көріп отырған отбасыға ризашылығын білдірген аудан басшысы Салыхан Полатов; «Тамшылатып суғару әдісінің тиімділігін тұрғындарға насихаттау керек, көпшілік білсін, бақша дақылдарын егіп, өнімін алсын»,- деді.