Аграрлы аймақ үшін әрбір сағат маңызды

Аудан әкімі Мұрат Болатұлының елді мекен тұрғындарымен кездесу жиыны түстен кейін Қазыбек би ауылдық округінде жалғасты. Алдымен аудан басшысы К-26 каналында болып, ағын судың жағдайын көрді. Су мамандарымен тілдесіп, мән-жайға қанықты. Сонан соң округ әкімінің ғимаратында жергілікті тұрғындармен жүздесті. Қажеттіліктеріне құлақ түріп, ұсыныстарын тыңдады.

image.png

Жалпы жер көлемі 8816 гектарды құрайтын 7 елді мекені бар округте бүгінде 6 ұлттың өкілдерінен құралған 17 065 халық тұрады. 6 денсаулық сақтау нысаны, 6 жалпы орта білім беру ошағы мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылған 17 балабақшада бар.

Аудан басшысымен өткен кездесу барысында тұрғындар елді мекендердегі жол, ауыз су, жарықтандыру мәселелері жайлы ұсыныстар айтып, сұрақтар қойысты. К-26 каналы бойында елді мекендерге кіретін 20 кіші көпірдің ескіргенін айтып, мемлекеттік меншікке алуды, күрделі жөндеуден өткізіп беруді, елді мекендердегі негізгі проблема саналатын таза ауыз суды қолжетімді етуге ықпал етуді өтінді.

Округ әкімі Дәулет Оразовтың мәліметінше елді мекендерде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жетісай су» мекемесіне қарасты 11 су мұнарасы мен 4 елді мекенде 5 «ОМЕГА» қондырғысы жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 12-24 сағат аралығында берілетін ауыз судың сапасы қатаң бақылауға алынған. Одан бөлек ауыз су тапшылығын жою мақсатында бірнеше елді мекенде қосымша су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бюджет қаржысының әрбір тиынының сұрауы бар, оны оңды-солды жұмсай алмаймыз. Бұл дегеніміз – нақты қорытындысы жасалмаған, жүзеге асуы күмәнді жобаларды жүзеге асыруға әрекет жасамаймыз. Ауыз су, жол, жарықтандыру мәселелері біздің күн тәртібімізден түскен емес. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – аурухана, мектеп, балабақша секілді мекемелерге инфрақұрылымдар жүргізіледі. Қалғаны кейінгі кезектерде рет-ретімен бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады» деген Мұрат Болатұлы мемлекеттік тапсырыс негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын бақылауды округ әкіміне қадап тапсырды.

Сонымен қатар, жиын барысында ағын суды ұтымды пайдалану мәселесі де айтылмай қалмады. Өйткені, тамыз айынан бастап тапшылығы сезілетін суды шаруалар егістіктерін суғаруға толықтай пайдаланбай отыр. Каналдарда су жеткілікті деңгейде болғанымен егістіктерге алмаған. Міне, осы жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы мамандарымен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әрбір күнді тиімді пайдалануға шақырды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер