Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы, «Nur Otan» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаты, меценат Әлихан Айдарханұлы Утанов отбасының атынан өздері оқыған «Асықата» жалпы орта мектебіне заманауи спорт алаңшасын салып берді. Бұған дейін де мектептің түрлі қайырымдылық шараларында қолұшын созып келе жатқан Утановтар әулеті «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 4 ай бұрын осы нысанның құрылысын бастаған.
Шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңшалары қарастырылған нысанның ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев, аудандық мәслихат депутаттары мен спорт ардагерлері қатысты. Құттықтау сөз сөйлеп, нысанның ашылуына атсалысқан азаматтарды аудан әкімі мен «Nur Otan» партиясының алғыс хаттарымен марапаттады.
- «Бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің барлығы да мектептен алған біліміміз бен тәрбиенің арқасы. Сол себепті де өзіміз оқыған мектептің оқушыларының спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік жасауды ұйғардық. Біз бұл мектепті бітіріп кеткенімізбен қазір біздің перзенттеріміз, немерелеріміз осында білім алып жатыр. Келешекте түрлі жылдарда мектеп бітірген түлектер жиналып өздері оқыған мектептеріне осындай алаңшалар салып, көмек беріп отырса екен деген ниеттеміз» - дейді Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі Мұқтархан Утанов.
Елді мекендерде бұқаралық спортты дамыта отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруларына жағдай жасау, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауларына дағдыландыру мақсатында соңғы 3 жылда мектеп түлектерінің демеушілігімен «Ә.Молдағұлова» жалпы орта мектебі мен «Жеңіс» мектеп-гимназиясында кіші футбол алаңшалары, «С.Асанов» және «С.Қожанов» жалпы орта мектептерінде футбол алаңшалары пайдалануға берілген.
- «Футболды жақсы көретін ауыл жастары, мектеп оқушылары үшін бұл тамаша сыйлық. Енді спортпен шынығамын, шыңдаламын деген жастар үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ. Біз де өз тарапымыздан мектептерде түрлі спорттық үйірмелердің санын көбейтіп, сапасын арттыратын боламыз. Мектепке осындай сый жасап отырған Утановтар әулетіне үлкен рахметімізді айтамыз» - дейді Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев