Биылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал баққан ағайынға біраз ауыртпалықтар алып келді. Жауын-шашын мөлшерінің жылдағыдан аз болуы салдарынан құрғақшылық туындады. Шөптің шығымы жылдағыдан нашар. Соның салдарынан мал азығының тапшылығы байқалды. Аталған келеңсіздікті азайту мақсатында Ордабасы ауданы әкімдігі бірінше рет аудандағы ірі кәсіпорындарды мал және құс азығымен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын басшылары және аудан шаруалары атынан фермерлер одағының төрағасымен екі жақты ынтымақтастық меморандумға қол қойған болатын.
Бүгінгі таңда осы меморандум талаптарына сай Бадам ауыл округінде орналасқан «Жақсылық» шаруа қожалығы 200 гектар жүгері және 100 гектар алқапқа егілген жоңышқа дақылдарын «Бөрте-Милка» тауарлы сүт фермасына өткізуде.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған шаруашылық жалпы 25 ауыл тұрғынын маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, егістік алқапты игеруде заманауи 32 бірлік (4 техника биыл сатып алынған) ауыл шаруашылығы техникаларын жұмылдыруда.
Қазіргі таңда ауданда жалпы 292 023 тонна мал азығы дақылдары жиналған. Алда бұл мақсаттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Осылайша қыста ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтар жем-шөптен таршылық көрмейтін болады.