Сауран ауданына Павлодар облысы, Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрмағамбетов іссапармен келіп, аудан тұрғындарына жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасауға арналған «Еңбек» бағдарламасын түсіндірді.
Жиынға Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы Рысбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Құдайбергенов Тұрар Керімұлы, Сауран аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бурибаева Нурбиби мен аудан ақсақалдары мен ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Павлодар облысына көшіп келген он мыңнан аса халықтың 60 пайызы Түркістан облысынан екендігін айтқан Павлодар ауданы әкімінің орынбасары «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде Солтүстік облыстарға көшіп-қону туралы кеңінен түсіндіріп берді.
- «Көші-қон бағдарламасын 2017 жылдан бері іске асырып келе жатырмыз. Бұл бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген отбасының әр мүшесіне 204 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Сондай-ақ, бір жыл бойы пәтер жалдап тұруы үшін 400 мың мен 600 мың теңге аралығында пәтерақы қаржысы да қарастырылған. Ал, солтүстікке бағдарлама арқылы көшіп келіп, өз ақшама үй сатып аламын деушілерге жылдық пәтерақыға қарастырылған қаржыны үй сатып алуына қосылған үлес ретінде беретінін де айта кеткім келеді. Солтүстікке көшіп келген отбасыларды жұмыспен қамту, балаларды балабақша мен мектепке орналастыру сияқты барлық жағдайлар жасалған. Павлодар ауданында да көшіп келушілердің жағдайын арттыру үшін жұмыстар қарқынды түрде атқарылуда», – деді Қайрат Қайыржанұлы.
Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы мемлекеттің бұл саясаты солтүстік өңірлерді қазақыландыруда және оңтүстік өңіріндегі халықты жұмыспен қамтуда үлкен рөл ойнайтынын айтып өтті.
Аталған жиын Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінде жалғасын тапты.