Түрістан облысы Мақтаарал ауданынан Жамбыл облысы Байзақ ауданына 10 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Көмек қолын созуға Мақтаарал ауданындағы былтыр көрші Өзбекстан елінің Сардоба су қоймасының жарылу салдарынан орын алған сел тасқыннан зардап шеккен Өргебас, Фердауси елді мекендерінің тұрғындары және ауданның бір топ кәсіпкерлері белсенділік танытты.
Азық-түлік тиелген жүк көлігі Түркістан облысы Мақтарал ауданының орталығы Мырзакенттен Жамбыл облысының Байзақ ауданына жеткізіліп, жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастырылған орталық қоймаға орналастырылды.
– Өткен жылы Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алған кезде ең алғаш болып Жамбыл облысынан көмек келген болатын. Сондай ел басына күн туған қиын қыстау уақытта қол ұшын созған отандастарымызды, олардың жасаған жақсылықтар мен қолдауларын есті адамның ұмытуы мүмкін емес. Сонымен қатар, барша ел-жұртымыз қиын болса да барын бізбен бөлісіп, ауданға тоқтаусыз көмектерін жіберіп отырды. Мұны әрбір мақтаралдық бойына сіңіріп, кейінгілерге, перзенттеріне үлгі, өнеге қып айтады. Сондай жақсы іс жасауға тәрбиелейді. Сондықтан, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орын алған жағдай бойынша үй-күйсіз қалған отандастарымыздың тағдыры бізді алаңдатып, гуманитарлық көмекті алғашқылардың бірі болып алып келуге себепші болды, – деді «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Сүндет Кенжебаев.
«Байзақ ауданы, біз біргеміз!» гуманитарлық көмек төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға үлестірілетін болады. Жергілікті жауапты басшылар келген көмектің есебін алып, қиын сәтте қол ұшын созған мақтааралдықтарға алғыстарын білдірді. Зардап шеккен ағайынға дайындалған көмек керуеніне күріш, май, макарон өнімдері, қант, қарақұмық, жеңіл дайындалатын тамақ өнімдері, тәттілер және минералды сусындар тиелген.