Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңын жарықтандыру жобасы аяқталып, ел назарына ұсынылды. Тарихи ескерткішті жарықтандыру үшін 1200 метр электр сым қолданылып, 229 түрлі-түсті шам бүгін салтанатты түрде жағылды. Бірегей жобаны жүзеге асыру кезінде тарихи ескерткіштің әрбір бөлшегін сақтау талап етілді. Шамды жағуға арналған салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Әйгілі зиярат ету орындарындағы жарықтандыру тәжірибесі туралы айтқан әкім жұртшылықты құттықтады.
«Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығы Түркістанның жаңа тынысын ашты. Шаһар жаңа кейіпке еніп келеді. Сол игі істің біріне куә болып тұрмыз. Зиярат ету орындарын жарықтандыру тәжірибесі Мекке Мәдинадағы Қағбада, Ыстамбұлдағы Айя София мешітінде және Самарқандағы Регистанда бұрыннан қолданылып келеді. Біз осы тарихи орындардың үлгісін пайдалануды жөн көрдік. Күллі түркі жұрты арнайы келіп, тәу етер орынға жарық беру жұмыстарының аяқталуына орай, біз оңтүстіктің күзгі туристік маусымын ашық деп жариялаймын. Туризм саласын үздіксіз дамыту арқылы біз 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 жарым млн. адамға арттыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша шамшырағы қайта жанған шаһардың жаңа мыңжылдықтағы шежіресі қайта жазылуда», – деді Ө.Шөкеев.