Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңын жарықтандыру жұмыстарының жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Қазқайтажаңарту» РМК сараптамалық қорытындысымен, археологтарының ұсыныстары ескеріле отырып жүзеге асырылған. Жобаның техникалық директоры Бағила Исакованың айтуынша, мамандар жобаға кіріспес бұрын Ясауи кесенесіне ұқсас әлемдегі әйгілі тарихи мұражайларда зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз құзырлы мекемелердің бақылауымен, арнайы сараптама қорытындысымен жұмыс жүргіздік. Шамдар кесененің айналасына, шатырына сапалы қондырғылардың көмегімен орнатылды. Жұмыс барысында бірде-бір кірпішке зақым келген жоқ. Өйткені жарық қосымша орнатылған қондырғының көмегімен жалғанды», – дейді жоба жетекшісі.
Мамандардың айтуынша, оптика мен жарық сипаттамаларының өзгеруі кезінде эпиграфиканың әртүрлі элементтері, яғни кесене қабырғаларындағы каллиграфиялық жазулар көрінеді. Кесененің дәл осы таңғажайып көрінісі жарықтандырудың ең негізгі ерекшелігіне айналмақ.
Шамды жағуға арналған салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Әйгілі зиярат ету орындарындағы жарықтандыру тәжірибесі туралы айтқан әкім жұртшылықты құттықтады. Кесене маңындағы ботаникалық бақта өткен рухани кеште Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормониясының «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Астана Балет» театрының өнерпаздары мен танымал әншілер өнер көрсетті.