2025 жылы жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 99,5 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мақсатында облыс автивімен кездескен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.
Ағымдағы жылы 444 елді мекенге табиғи газ тартылады. Алдағы 5 жылда 85,6%-ға табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Жыл қорытындысымен орталықтандырылған ауыз сумен жалпы 717 елді мекен қамтылатын болады. 2025 жылға толық 100% қамту көзделуде. Жаңадан салынып жатқан Түркістан қаласын қажетті жылу, энергия көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін булы газ қазандығын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, электр қуатын сапалы тарататын «Орталық», «Солтүстік», «Бадам» секілді қосалқы станциялар құрылысы басталды.
– Облыста жалпы сыйымдылығы 8,7 млрд. текшеметрді құрайтын 42 су қоймасы бар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кепілді ағын сумен қамтамасыз ету үшін қосымша сиымдылығы 68 млн. текшеметрді құрайтын 2 су қоймасын салу жоспарланған. Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары Түркістан облысында 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңға 1,5 мыңға жуық отбасы мүшесі бар 302 отбасы қоныс аударды. Жалпы республика бойынша қоныс аударғандардың ішінен Түркістан облысының үлесі 30 пайызды құрайды. Енді біздің алдымызда облыстың осы көрсеткіштерін еселеп, Жолдаудағы айқындалған бағыттарды іске асыру міндеті тұр, – деді Өмірзақ Естайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы міндеттерді сапалы жүзеге асырып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.