«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен қалалық филиал ғимаратының жанынан жастарға арналған «Coworking» орталығының ашылу салтанаты өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков және өңірдің белсенді жастары қатысты. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің ең жас депутаты Мәди Ахметов пен «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев та түркістандық жастардың қуанышына қосылды.
Жастарға «Coworking» орталығының кілтін тапсырып, құттықтаған Бейсен Тәжібаев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдау, олардың білім алуына, маман иесі атануына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға барынша басымдық берілгенін айтты.
«Түркістан күн санап өсіп-өркендеп келеді. Шаһардағы ауқымды жобалар мен алып ғимараттар жастар, яғни, сіздер үшін салынып жатыр. «Nur Otan» партиясының Түркістан қалалық филиалының жанынан ашылған бүгінгі орталық жас буын үшін жаңа идеялар мен бастамалардың ордасына айналады деп сенемін», – деген ол осы орталықты ашуға көмек көрсеткен демеушілер мен партия белсенділеріне алғысын жеткізді.
Орталықтың құрылысы 2021 жылы наурыз айында жергілікті кәсіпкерлер мен депутаттардың қолдауымен бастау алды. Түркістандағы «Жеңіс» саябағы маңында орналасқан бұл орталық бір уақытта 50-70 адамға дейін қабылдай алады. Көлемі – 100 шаршы метр. «Coworking» орталығы заман талабына сәйкес жабдықталып, ғаламтор жүйесімен қамтылған. Мұнда жастар үшін бос уақытты тиімді пайдаланып қана қоймай, өз-өздерін жан-жақты дамытуға, партия бастамалары мен мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар легін жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Көрікті саябақ ішінде түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыруға жағдай жасалған. Түркістандық жастарға тегін қызмет көрсетіледі.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жастар саясатын қолдау бағытында игі істер жалғасатынын, Түркістан – жалынды жастардың қаласы екеніне тоқталды.
«Jas Otan» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Жансерік Жұман жетекші партия тарапынан жас өрендердің кадрлық резервке ілігуіне, жергілікті сайланбалы орындарға сайлануына қолдау көрсетіліп жатқанын айта келе замандастарының «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыруға күш салатынын жеткізді.