Өңірде мақта бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Түркістан облысында 18 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеттері арқылы 1 тонна шитті мақта 300 мың теңгеге қабылдануда. Бүгінгі күнге жоспарланған егіс көлемінің 33 мың гектары теріліп, 70 мың тоннадан астам өнім жиналды.
- «Былтыр Өзбекстандық техниканың көмегімен топан су басқан егістік алқабына мақтааралдықтар мақта дәнін қайта сеуіп алды. Көрші ағайындар техникадан бөлек, жанар-жағармайын, сұрыпты шитін де тегін беріп отырды. Сол кезде шығынға ұшыраған шаруалар үшін бұл өте үлкен көмек болды. Күндіз - түні тынбай еңбек еткеннің арқасында биыл мақта бітік шықты. Баға да көтерілді. Қазір келісін 300-320 теңгеден сатып жатырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды артығымен алдық. Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, көрші елмен орнаған достық қатынастың арқасында жүзеге асырылып жатқанын білеміз. Мемлекет қолдауымен тыңайтқыш пен жанар - жағармай жеткілікті. Ел риза. Диқандар табысын арттырып алатын болды», – дейді «Бағдат» шаруа қожалығының басшысы Дәулетбай Жорымбетов.
Биыл жалпы 110 мың га жерден 280 мың тонна шитті мақта теру жоспарланған. Мақта талшығы Еуропаға экспортталады. Сонымен қатар жиын-терім жұмыстарына 43 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. Оның бағасы литріне 172 теңгеден босатылып жатыр.