Мақтаарал ауданында 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 400 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келді. Барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, 9 шақырым жол төселді. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. 280 орындық жаңа балабақша, дәрігерлік амбулатория, полициялық тірек салынды. Балалардың ойын алаңдары мен 5,5 га саябақ, 2 спорт алаңшасы да жұртшылыққа ұсынылды. Желілік саябақ пен гүл бақтары шағынауданның көркіне көрік қосып тұр.
Естеріңізге салсақ, 2020 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бұзылып, салдарынан Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалған болатын. Төтенше жағдай жарияланып, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін бастапқыда 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 техника жұмылдырылды. 30 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшіріліп, 24 эвакуациялық орынға орналастырылды. Мақтааралға бүкіл ел болып көмек қолын созды.
Апат салдарымен күреске көрші елден 100-ден аса арнайы техника мен 200 адам көмекке келді. Өзбекстандық жасақ елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізді. Егістік алқаптарды қалпына келтіріп, шитті мақта етуге атсалысты.
Елбасының бастамасымен, «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен республикалық деңгейде жарияланған «Біз біргеміз» акциясы, жастар мен еріктілердің бастамасы негізінде құрылған «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы, облыс кәсіпкерлері журналистері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсетуде елеулі үлес қосты. Еліміздің барлық облыс, қалаларынан гуманитарлық көмек келді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан аймақтағы әрбір тұрғын, яғни 6214 азаматқа республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат аударылды. «Болат Өтемұратов» қоры зардап шеккендерге үй салып беру үшін 6 млн. доллар бөлді. Кәсіпкер Алишер Усмановтың қорынан эвакуацияға ұшыраған тұрғындар үшін 5,2 млн $ аударылды. Бұл қаржы 5202 отбасына (30 420 адам) 1000 АҚШ долларынан үлестірілді. Су басқан 5700 га жуық егістік алқаптарының иелеріне 1,142 млрд.теңге өтемақы берілді. Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Оларға «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы өтемақы ұсынылды.
Өңірге бас аяғы 3 айдың ішінде бұрын-соңды болмаған 30 млрд.теңгеден астам инвестиция құйылды. Мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуынан зардап шеккен үш ауыл тұрғындары үшін Мырзакенттен жаңа қалашық бой көтерді. 386 үйдің ішінде 196 тұрғын үйі Үкімет резерві есебінен, 150 үй Болат Өтемұратов Қорының қаржысына салынды. 52 баспана «Nur Otan» партиясының «Біргеміз» қоры мен «Салиқалы ұрпақ» қорларының қолдауымен көтерілді.
Ал су басқан Өргебас және Фирдоуси ауылдары тұрғындарының үйлері сол елді мекенде қайта қалпына келтірілді. Бүгінде олар өздері қалаған жобамен заманауи үлгідегі үйлерін салып алды. Халықтың сұранысын ескере отырып, әрбір тұрғын үйге 17 млн.теңгеден өтемақы берілді. Осылайша Өргебас ауылында 209, Фирдоусиде 327 үй жаңадан бой көтерді.
Фирдоусиде ауыз су жүйелерін жаңартылып, 13 көше жөнделді. 600 орындық мектеп жөндеуден өтті. Ауыз су жүйелері Өргебас ауылында да жаңарды. Төрт көше жөнделіп, дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек салынды. Су басқан ауыл мектептеріне өткен жылы демеушілер тарапынан 136 ноутбук пен 110 планшет берілген. Үкімет резервінен 4095 дана компьютерлік құралдар бөлінген.