«TURKISTAN FRUIT» ЖШС-нің құны 3,5 млрд.тг құрайтын «400 гектарға қара өрік отырғызу» жобасын ерекше атап өтуге болады. Былтыр «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы мен «DALA FRUIT. KZ» ЖШС-гі бірлескен кәсіпорын «TURKISTAN FRUIT» ЖШС-гі құрылып, Түркістан қаласының әуежай маңынан бос жатқан 400 га жер телімі ресімделді. Түркия елінен 220 мың дана 7 түрлі қара өрік (Formosa, Santa Rosa, Papaz, Can, Climax, Red Heart) көшеттері алынып, отырғызылды. Өнімділігі гектарына 40-50 тн. Израилдік технологиямен сорғы станциясы орнатылып, жер асты тамшылатып суару жүйесі жүргізілген.
Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Жергілікті бюджеттен 1,9 млрд.тг қаржы жоспарланып, 1,3 млрд.тг бөлінді. Бөлінген қаржыға Түркістан магистралді каналынан 11 шақырым құбыр тартылып, 21 дана тік дренажды ұңғыма қазылып, 7 бірлік су жинайтын резервуар салынды. Нысанға 16,2 шақырым электр желісі тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 2,2 млрд.тг несие қаржысы алынды.
Бұл жобаның артықшылығы қара өрік өнімі алынғанға дейін, екінші өнімге 150 га бақша дақылдары (100 га қауын, 50 га қарбыз) егіліп, бүгінгі күнге 4 мың тонна өнім жиналды. Өнімдер республиканың өңірлеріне және Ресей Федерациясы нарығына экспортталды.