Ордабасы ауданы әкімі Бағлан Батыршаев жеке қабылдауға жазылған бірқатар азаматтарды қабылдады. Аудан көлемінде тұрғындарды алаңдатып жүрген мәселелер бойынша сөйлесіп, алдағы уақытта шешімі табылуы тиіс жұмыстарды негізге алды.
Өтініш-талаптармен келген аудан тұрғындары ағын су, жұмыссыздық, тұрғын үйлік жер мәселесін ортаға салды.
Азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдаған Бағлан Дәнебекұлы орынбасарлары мен салалық бөлім басшыларына тапсырма беріп, мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Қабылдау барысында азаматтардың бірі жер мәселесі бойынша өтінішін айтса, енді бірі ономастика мәселесі бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, бір топ азаматшалар жұмыссыздық, тұрғын үй кезегі мен әлеуметтік жағдайларына қатысты өтініштерін жеткізді. Тұрғындардың жеке мәселелерін мұқият тыңдаған аудан басшысы қолданыстағы Заңнама аясында көтерілген мәселелердің шешу жолдарын түсіндірді.
Жеке қабылдау барысында аудан басшысы Шұбарсу ауылынан келген жұмыссыз азаматшаны Бадам индустриялды аймағындағы ірі кәсіпорынға жұмысқа тұрғызуды тапсырды.
Сондай-ақ, азаматтардың арыз-шағымдарын назарға алмай, қызметіне салғырт қараған мекеме басшыларына сөгіс берілетінін тілге тиек етті.