«Аутодеструктив» сөзі латын тілінен аударғанда «қалыпты жағдайдағы құрылымының бұзылуы» деген мағына береді. Аты айтып тұрғандай аутодеструктивті мінез-құлық тұлғаның қалыпты дамуына, оның психологиясына кері әсер етеді. Бүгінгі жастар арасында мұндай дерттің кеңінен қанат жаюы әрине, алаңдатарлық жағдай.
Міне, осы бір келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Атакент кентіндегі N14 кәсіптік колледжде алқалы жиын болып өтті. Бұл туралы Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» хабарлады.
Басқосуға оқу ордасының студенттері мен ұстаздары, Жазушы-ақын Айыпберген Балтабайұлы мен аудандық әжелер алқасының мүшесі Өктем Батырханова, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев, Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі секторы меңгерушісі Жанар Тұрмат қатысты. Басқосу барысында аға буын өкілдері жасөспірімдік кезеңнің адамның тұлға ретіндегі қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор екендігін, бұл кезеңде жасөспірімдердің жанының нәзік, уайымға, кез-келген сәтсіздікке тез берілгіш болатындығын айтып, жеткіншектік шақта адамның қалыптасуы сана-сезімінің дамуындағы өзгеріспен анықталатындығына тоқталды.
«Жеткіншектік жасқа жеткен көптеген жастарымыз өзін ересек сезініп, айналасындағыларға басқаша көзқараспен қарай бастайды және олардан да сол нәрсені талап етуге ұмтылады. Бүгінде елімізде, ауданымызда жастар тәрбиесі мен біліміне қатысты, оларды қылмыс пен құқықбұзушылықтардан сақтандыру тақырыбында түрлі басқосулар мен тәрбие сағаттары өткізіліп, аутодеструктивті мінез-құлықтарды болдырмаудың жолдары кеңінен түсіндірілуде» дейді Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев.
Сонымен қатар, басқосу барысында студент жастар мен еңбек ардагерлері де күн тәртібіндегі негізгі тақырып аясында өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, алдын алу шаралары бойынша ұсыныстарын айтты. Арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.