Халал индустриясы дамып келеді

Screenshot_1.png

Шымкентте «halal expo-2021» халықаралық көрмесі өтуде. Екі күн бойы жалғасатын шараға еліміздің бірқатар аймақтары мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдерден халал өнімдер өндіретін 50-ден астам компания қатысуда.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

— Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Адалды іздеуі – әрбір мұсылманның міндеті» деген хадисі бар. Бүгінде Қазақстан халқы халал тағам тұтынуға ынталы. Сондықтан діни басқарманың жанында «Халал даму» сертификаттау және стандарттау орталығы жұмыс істеуде. Қазақстанда 700-ден астам кәсіпорын өз өнімдерінің осы стандарттарға сәйкес келетінін растап, халал сертификатын алған. Бүгін адал ас ішудің артықшылығын халыққа насихаттау мақсатында осындай көрме ұйымдастырып отырмыз, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, халал индустриясы тамақ және жеңіл өнеркәсіптен бастап,  білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және туризм секілді көптеген салаларды қамтиды.

— Халқымызда «Ас адамның арқауы» деген сөз бар. Бірақ, мына заманда астың бәрі бірдей адамның арқауы бола бермейді. Қазір дұрыс тамақтану деген өте маңызды мәселе. Халал стандарттарын енгізу халықтың дұрыс тамақтануына,  сол арқылы адамдардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді. Осыны ескере отырып Шымкент қаласының әкімдігі бүгінгі көрменің өтуіне  қолдау білдірді. Бұл көрме, бір жағынан, елімізде ауыл шаруашылығы саласының, тамақ өнеркәсібінің қарыштап дамып келе жатқанын көрсетеді, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Көрменің ашылу салтанатында Қырғызстан мен Ресейдегі мұсылмандар діни басқармасының өкілдері де сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, шара барысында халыққа адал ас пен халал қызмет ұсынып, осы индустрияны дамыту жолында табысты жұмыс істеп жатқан компаниялар ҚМДБ-ның арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Түс ауа Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Халал даму" ЖШС-нің директоры Айбек Аташовтың қатысуымен халал индустриясын дамыту мәселесі туралы баспасөз брифингі өтті. Онда Айбек Асқарбекұлы кәсіпорындардың халал сертификатын алу шарттары және одан кейінгі сапаны бақылау жұмысы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қаламгерлерге арналған байқау
  • «Мәртебелі оқырман» төрінде - Күлия Айдарбекова
  • Тәуелсіздікті толғаған кеш
  • Балалар фольклоры - тәрбие негізі
  • Ақынның өмірінен сыр шертті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер