«Қазына» би ансамблі шымкенттіктерге жақсы таныс. Көптеген халықаралық және республикалық байқауларда Шымқаланың атын асқақтатып, мерейін үстем етті. Бүгінде облыс, қалада өтетін мерекелік шаралардан би тобы тыс қалған емес.
Шымкент қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған аталмыш би ансамблі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай “Дала даналығы” атты жеке шығармашылық кешін тарту етті. Өнер ұжымы көпшілікке «Думанды дәурен», «Қаражорға», «Дала сазы», «Өтті-ау дүние» секілді ұлттық билерді паш етті. Жалпы ұжымның репертуары ерекше. 80-нен астам би болса, оның 65-і қазақтың болмысы және ұлттық бояуымен ерекшеленді.
Би тобының алғашқы құрамы 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Ол кезде «Қазына» ұлттық саз аспаптарымен бірге болатын. Ең алғашқы би жетекшісі – Сәуле Балбаракова, ал көркемдік жетекшісі – марқұм Мұса Жарқынбеков болған.1995 жылы ансамбль тарап, 2003 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония негізінде қайта құрылды. Сонан бері топқа ҚР Мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік жасап келеді.
Айта кетейік, Шымкенттің мақтанышына айналған «Қазына» би тобы Президент қоры сыйлығының иегері атанған. Сондай-ақ Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Халықаралық «Ресей Раушаны-2017» өнер фестивалінде би ансамблінің солистері Жеке орындаушы номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған.
Ансамбльдің болашағына артылып отырған сенім жоғары. Алдағы уақытта мәдениетімізді дәріптеу бағытында жұмыс істейміз дейді өнер ұжымы.